Әлеуметтік көмек мемлекеттік әлеуметтік саясаттың бір бөлігі ретінде халықтың әлсіз топтарына қолдау көрсетуге бағытталған, — деді Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева. Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында ол қазіргі кезде Жетісу ауданында 2101 көпбалалы отбасы тіркелгенін хабарлады.
Г. Көкебаеваның мәліметінше, 2021 жылдың бірінші тоқсанында атаулы әлеуметтік көмекті 438 отбасы алды, оның ішінде: 149 көпбалалы отбасы, 289 аз қамтылған отбасы.
Гүлнар Көкебаева көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған «Бақытты отбасы – Жетісу» әлеуметтік орталығының жұмысына кеңінен тоқталды, оған биыл 1115 адам келген Орталық арқылы санаторлық-курорттық емделуге 47 бала жіберілді («Балдәурен» және «Алау» шипажайларына).
Әйелдерді жұмыспен қамту мәселесі шешілуде. Бірінші тоқсанда бұл орталықта 164 ана тегін курстан өтті. «Бақытты отбасы – Жетісу» орталығында қолөнер, пішу және тігу, визаж, шаштараз ісі, аспаздық өнер, маникюр және педикюр, кірпікті ұзарту бойынша білім алуға болады.
Гүлнар Көкебаева биылғы жылы «Халық» қоғамдық қорының қолдауымен ауданның 215 отбасы азық-түлік жиынтығын алғанын айтты.
«Осы айда көп балалы және аз қамтылған отбасыларға "Халық" қоры есебінен 150 отбасыға азық-түлік жиынтығын беру жоспарлануда», — деп толықтырды Гүлнар Көкебаева.
Ауданда «Алмалы» базарының аумағында аз қамтылған және көпбалалы аналарға арналған тігін цехы ашылды. Базар басшылығымен келісім жасалды. Демеушілік қаржы есебінен 10 тігін машинасы сатып алынды. Көкмайса шағын ауданында демеушілік қаржы есебінен жертөледе жөндеу жұмыстары жүргізілуде, онда балалардың шығармашылық орталығын ашу жоспарланған, мұнда балаларға хореография, ән айту, шахмат, тіл курстары бойынша үйірмелер жүргізілетін болады.
Жетісу ауданының әкімі ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау туралы да айтты.
«Qoldau кәсіпкерлік орталығы базасында биылғы жылы кәсіпкерлікті қолдау шаралары бойынша 14 әйел кеңес алды, оның ішінде 4 әйелге бизнес жоспарды әзірлеуге көмек көрсетілді. Рұқсат құжаттары бойынша 23 әйелге кеңес берілді», — деді Г. Көкебаева.
Жалпы, көп балалы аналармен және халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс тұрақты жүргізілуде.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі