Уақыт өзгеруіне байланысты 2024 жылғы 29 ақпан мен 1 наурыз аралығында портал жұмысында қысқа мерзімді үзілістер болуы мүмкін.

Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз.

Жер сілкінісі кезінде қандай қауіпсіздік ережесін сақтау керек

Көпшілік жиналатын пункттер тізіміне мектеп пен балабақша және колледждер кіреді.

Бастысы үрейге бой алдырмай, ережені бұлжытпай орындау маңызды. Алматы қалалық төтенше жағдайлар департамент өкілдерінің кеңесі.

Ғаниевтер отбасы жер сілкінісі кезіндегі оқу-жаттығу жұмыстарын үйде жиі өткізеді. Балаларына бөлмедегі қауіпсіз орындарды алдын ала айтып, көрсетіп қойған. Дүмпуді сезген бетте әркімнің тұратын өз бұрышы бар. Ортақ отбасына арналған сақтық сөмкесі де қолжетімді жерде тұр. Осыдан бір апта бұрын болған жер сілкінісі кезінде үрейге бой алдырмағанын айтты.

– Көпқабатты үйдің 2-қабатында тұрамыз. Бірінші дүмпу болғаннан кейін, дабыл дорбамыз өз орнында. Дайындалып, қажетті заттардың бәрін салып қойғанбыз. Әрбір отбасында осындай түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, жер сілкінісі, төтенше жағдай кезінде өмірімізді сақтап қалуға кепілдік жоғары деп есептеймін, – деді қала тұрғыны Данияр Ғаниев.

Ал мамандар жоғарыда тұрған ыдыстарды және ауыр заттарды төмен түсіріп қоюға кеңес береді. Жер сілкінісі кезіндегі тағы бір қауіпсіз орынның бірі – жатын төсектері мен шкафтардың жақтауы. Ғимарат қираған кезде пәтердегі ауыр заттар жиһазға құлап, ортада қуыс пайда болады. Сол жерге жасырынған жөн.

– Әр отбасының өзіне тән қауіпсіздік жоспары дайын болуы керек деп есептейміз. Мәселен біздің жанұямызда қарапайым 10 қадам бар. Яғни, қандай да бір төтенше жағдай бола қалса, алдын ала дайындалған жоспармен сыртқа шыға аламыз. Мектеп пен балабақшада жүргізілетін іс-шара бір бөлек, оны балаларға үйде де түсіндіру аса маңызды, – деді қала тұрғыны Назерке Айтқожаева.

– Ең алдымен, үрейге бой алдырмау керек. Алғашқы дүмпулер кезінде сыртқа шығуға асықпаңыз. Терезеден, сыртқы қабырғадан алшақ тұрыңыз. Алдын ала белгілеп қойған қауіпсіз орынға жасырыныңыз. Алғашқы дүмпулер аяқталаған соң тез арада сыртқа, ашық алаңға шығып кетіңіз. Ашық алаңға шыққаннан кейін отбасыңыздың қасыңызда екеніне көз жеткізіп, халықты жинау пункттеріне бару керек, – деді Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының аға инженері Гүлдана Нұрымбетова.

Көпшілік жиналатын пункттер тізіміне мектеп пен балабақша және колледждер кіреді. Жақын жердегі мекенжайды білу үшін әр тұрғын үй кешенінің кіреберісінде арнайы QR код орнатылған. Телефондағы камераны қосу арқылы барлық қажетті ақпаратты сол жерден алуға болады.

 

Дереккөз: Almaty.tv.

31 қантар 2024

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.