«Үкімет әкімдермен бірлесіп, ең алдымен, еліміздің екі ірі қаласындағы шағын және орта бизнесті тоқыраудан біртіндеп жандану аймағына шығару үшін атаулы, нақты жұмыс жүргізуі тиіс. Тиісті ұсыныстар жасалды. Оларды ескеру керек. Иә, өмірді жандандыру керек. Алайда біздің алдымызда екі міндет тұр – азаматтарымыздың денсаулығы үшін карантин режимін сақтау, сондай-ақ, кәсіпорындарды нақты және мақсатты түрде жұмыс режиміне шығару», — деді Президент.
Әкімдіктерге жұмыс режимін қалпына келтіру жағдайында қатаң санитарлық-эпидемиологиялық режимді және жұмыс орындарында қашықтықты қамтамасыз ете алатын кәсіпорындар тізімін дайындау тапсырылды. Өңірлердің дағдарысқа қарсы штабтары осы міндеттің орындалуын бақылауы тиіс.
«Штабтар кәсіпорындардың жұмыс тәртібін, қызметкерлерді жеткізу тәртібін және басқа да ұйымдастыру-техникалық мәселелерді анықтайды. Осының негізінде Мемлекеттік комиссия кәсіпорындардың қызметін қайта жаңғырту туралы шешім қабылдай алады. Бұл жағдайда орталық бағыныстағы өңірлер мен қалалар басшыларының жауапкершілігі бірнеше есе артады. Өйткені, біз тәуекелге барып отырмыз, әзірге басқа амал жоқ», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда Министрлер кабинетіндегі үйлесімді жұмыс, сондай-ақ Үкіметтің өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен тиімді өзара іс-қимылы аса маңызды екенін атап өтті.