Метроның жаңа «Достық» және «Сарыарқа» бекеттері іске қосылғаннан кейін пойыздарды күту уақыты 5 минутқа дейін қысқарады. Бұл туралы көлік реформасына арналған конференцияда Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов мәлім етті, деп хабарлайды «Қазақпарат» ХАА.
«2020 жылға қарай метроның екі бекеті - «Сарыарқа» және «Достық» іске қосылады. 24 қазанда біз корей компаниясымен 76,5 млн доллар сомаға 8 электр пойызын жеткізу жөнінде келісімшарт жасастық. Бұл қарбалас сағаттарда жүктемені айтарлықтай азайтады. Егер бүгінде пойыздар арасындағы келу уақыты 13 минутты құраса, жаңа бекеттер іске қосылғаннан кейін уақыт 5 минутқа дейін қысқарады. Біз жүйелілік есебінен метроға көбірек адамдарды тарта аламыз. Өйткені екі бекет те Наурызбай ауданына жатады (ұзындығы 3,1 км), осы ауданнан жолаушылар ағыны артады. Жолаушылар ағыны тәулігіне 46-дан 90 мың адамға дейін артады. Көліктің бұл түрі қала тұрғындарының 50% - ын кедергісіз қамтуға мүмкіндік береді», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов.
Сондай-ақ Ерлан Әукенов БРТ желісін іске қосу қоғамдық көліктерде жол жүру уақытын айтарлықтай қысқартты деп атап өтті.
«БРТ бүгінде қала тұрғындарының күнделікті жол жүру уақытын қысқарту бойынша жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Атап айтқанда, бір учаскеде жол жүру уақыты 35-тен 20 минутқа дейін қысқарды. Жолаушылар ағыны 40% - ға артты. Егер бір жыл бұрын осы учаскеде қоғамдық көлікті 100 мыңға жуық адам пайдаланса, бүгінде 140 мыңнан асты. БРТ желісі бойынша қосымша 18 метрлік 34 автобус қолданысқа енгізілді, екінші учаскені жобалау аяқталуға жақын», - деп толықтырды ол.
Алматы әкімінің орынбасары ЛРТ құрылысы бойынша халықаралық компаниялармен кездесулер өткізілгендігін айтты.
«Alstom француз компаниясы, немістің Siemens, канадалық Bombardir, испандық CAF сияқты әлемдік компаниялармен, сондай-ақ Корея, Қытай, Түркия және Ресей мамандарымен кездесулер өткізілді. Енді ең үздік тәжірибені біздің қалада енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл көлік түріндегі жолаушылар ағыны тәулігіне 100 мың адамды құрайтын болады. ЛРТ желісі Төле би көшесі бойымен өтеді. Бұл зиянды қалдықтар деңгейін 1,9 млн тоннаға қысқартады. Сонымен қатар Төле би – қаладағы өлімге соқтыратын жарақаттану деңгейі жоғары 6 көшенің бірі. ЛРТ-ның арқасында біз оны жолаушылар мен жаяу жүргіншілер үшін жайлы етеміз», - деп қорытындылады Ерлан Әукенов.
Алматыда жеңіл рельсті көлік желісінің (ЛРТ) құрылысы 2019-2042 жылдарды қамтиды деп жоспарлануда.