Бұрын хабарланғанындай, бірқатар проблемалы нысандарға, оның ішінде Төле би/Мұратбаев көшелерінің қиылысындағы инженерлік желілерді реконструкциялауға қатысты мердігерлік ұйымдардың атқарған жұмыстарына бірнеше рет тексеру жүргізілді.
«Тексеру нәтижелері бойынша инженерлік желілерді салуда өрескел олқылықтарға жол берген «Сұңқар «ЖШС мен «АГС-ПЛАСТ» ЖШС-не қатысты материалдарды біз сотқа жібердік. Оның барысында ААӘС-тың шешімімен екі компания да құрылыс лицензияларынан айырылды», - деп хабарлады қала Құрылысын бақылау басқармасы.
«Қала әкімінің тапсырмасы бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде стандарттардың сақталуын бақылау күшейтілді, қазір біз істерін сот қарайтын жауапсыз мердігерлердің тізімін жасаудамыз», - деді басқармадағылар.
Айта кетерлігі, осындай кемшіліктері үшін Тастыбұлақ шағын ауданында орталық коммуникация құрылысын жүргізген «Монолит Дизайн-2030» ЖШС лицензиясынан айырылған болатын.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі