Көп балалы аналарға қолдау көрсету шаралары туралы қалалық «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Зульфия Байсакова, қалалық «Бақытты отбасы» орталығының үйлестірушісі Әсем Байділданова ӨКҚ өткен брифингте айтып берді.
Бүгінгі таңда «Бақытты Отбасы» орталығының базасында әрбір ауданда «ISKER ANA» бағдарламасы жүзеге асырылуда. «ISKER ANA» бағдарламасымен көп балалы аналарға тіркеу, заңгерлік және психологиялық көмектен бастап кәсіпкерлік негіздері бойынша курстарға, бизнес-жоспар құруға, өз бизнесін ашуға, грант немесе микрокредит алуға дейін қадамдық жұмыс ұсынылады.
Ағымдағы жылы Көп балалы және аз қамтылған отбасыларды жұмысқа орналастыру және өз бизнесін дамыту мақсатында демеушілер арқылы Әуезов ауданында тоқыма және азық-түлік өнімдерін қолдан сату үшін 4 сауда нүктесі, атап айтқанда, «Тиграхауд», «Арыстан» сауда үйлерінде, «Сары – Арқа» және «Арыстан» базарларында азық-түлік нүктесі ашылды. Алмалы ауданында «Әлеуметтік тігін цехы» (Алматы қаласы, Жібек жолы көшесі, 135) өз жұмысын бастады.
Сонымен қатар, Түрксіб ауданында көпбалалы аналардың қолдан жасаған тауарларын сататын "Іскер Ана" сауда үйі (Алматы қаласы, Сүйінбай даңғылы, 263) ашылды. Сауда үйінде заманауи стильдегі ұлттық костюмдер, құрақ-көрпе, ұлттық нақыштағы әшекейлер, әйелдерге арналған киімдер сатылымға қойылды, сондай-ақ киімдерді өңдеу және жөндеу бойынша қызмет көрсету көзделген.
Зульфия Байсакова «Бақытты отбасы» орталығының арқасында мыңға жуық жұмыс орны ашылғанын атап өтті.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі