Бірінші шілдеден бастап екі бірдей әлеуметтік жәрдемақының көлемі 14,5 %-ға өседі.
Еңбек министрлігінің ақпарына сай, бұл мақсатқа қосымша 41 млрд теңге бөлінген. Биыл жалпы сомасы 1,8 трлн теңгеге 3,5 млн отбасы үшін әлеуметтік төлемдер қарастырылған екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға көп. 2023 жылдың төртінші айында әлеуметтік жәрдемақылар немесе төлемдер 2 млн 653 мың отбасына тағайындалыпты.
«Мүгедектігі бар адамдар, оның ішінде балалардың медициналық көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдерін ескере отырып, бюджет есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-техникалық құралдармен, орындық, санаторий-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекші және ым-ишара тілі мамандарының қызметімен қамтамасыз етіледі. Жыл сайын мүгедектігі бар адамдарға 400 мыңға жуық тауар мен қызмет ұсынылады. Биыл бұл мақсатқа 71 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова.
Министрлік мәліметінше, 1 шілдеден бастап 7 бала тәрбиелеп өсірген аналардың жәрдемақысы 25 мың 530 теңге болады. Мұндай сома ай сайын өмір бойы «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған әйелдерге беріледі.
«Бүгінгі таңда 6 немесе одан да көп бала туып, тәрбиелеп отырған аналардың жалпы қаражаты мемлекет тарапынан бюджетте көрсетілген. Ал 7 бала тәрбиелеп өсіріп отырған аналарға 1 шілдеден бастап жәрдемақының мөлшері 7,4 АЕК немесе 25 530 теңге», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.
Дереккөзі: Almaty.tv