Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева хабарлады.
Жетісу ауданы Алматы қаласының ірі өнеркәсіптік аудандарының бірі болып табылады.
Ауданның өндіріс көлемі 941 өнеркәсіп кәсіпорны есебінен қалыптасады, оның ішінде: 37 ірі және орташа өнеркәсіп кәсіпорны мен 904 шағын кәсіпорын.
Статистика деректері бойынша 2020 жылы өнеркәсіп өнімдері өндірісінің көлемі 212,3 млрд теңгені құрады.
2020 жылы бөлшек сауда көлемі 743,7 млрд теңге, көтерме сауда көлемі 1 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 6 968 кәсіпорынды құрайтын жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 8,7%-ке өсті, бұл өте маңызды көрсеткіш.
«Пандемияға байланысты қазіргі жағдайға қарамастан, базарларды жаңғырту және индустриялық-инновациялық жобалардың арқасында 2020 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 45,8 млрд теңгені құрады», — деп хабарлады ол.
Мысалы, 2020 жылы жалпы инвестиция көлемі 4,4 млрд теңгеге санитарлық-гигиеналық өнім өндіретін «Papirone» ЖШС фабрикасы ашылып, 113 жұмыс орны құрылды. Инвестиция көлемі 600 млн теңгеге «Ялян-2» базары жаңғыртылып, 600-ге жуық жұмыс орны құрылды.
«Биыл «Рахат кз» базары мен «Алатау» базарының 4 блогын жаңғыртуды аяқтау, сондай-ақ «Керемет» сауда үйінің құрылысын аяқтау жоспарлануда. 3 жоба инвестициясының жалпы сомасы 2,6 млрд теңген, 880 жаңа жұмыс орны құрылады», — деді Гүлнар Көкебаева.
Биыл жалпы инвестиция сомасы 1,3 млрд теңгеге «Вираж» автосалонының құрылысын аяқтап, 150 жұмыс орнын құру жоспарланған.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі