Жұмыс сапары кезінде Бауыржан Байбек «Адамдарға арналған қала» тұжырымдамасы аясында Алматының тағы бірқатар көшелерін модернизациялау бойынша құрылыс жұмыстары және инженерлік коммуникацияларды жаңарту барысын тексерді.
Жайлы қала кеңістігін қалыптастыру мақсатында биыл Достық даңғылы, Жібек жолы мен Байсейітова көшелерінің бойында қуат үнемдеуші тротуар шамдары, көше жиһаздары, спорт және балалар алаңдары, фонтан кешендері пайда болады. Көгалдандыру қолға алынады, ескі ағаштарды сақтай отырып, жаңа ағаштар отырғызу, суарудың автоматты жүйесін тарту жоспарланған.
Қоғамдық кеңістікті модернизациялау аясында нысандардың сыртқы келбетін жаңарту жоспарланған, керексіз конструкциялар, бағаналар, қоршаулар мен тротуарларды қосып алып, заңсыз салынған нысандар сүрілетін болады.
«Жұмыстардың барынша сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуына айрықша назар аудару керек. Құрылыс жұмыстары мәдениетін тұрақты түрде арттырған жөн. Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін барлық жерге басшылардың нөмірлері жазылған нысан паспорты, арнайы қоршаулар мен жаяу жүргінші жолақтары, айналып өту белгілері орнатылып, аулаға кедергісіз кіру мен шығу қамтамасыз етілуі тиіс. Қажет болған жағдайда жауапсыз мердігерлерді қатаң жазалау керек. Түскен шағымдарды талдау көрсеткендей, атқарылған жұмыстар туралы ақпарат көбіне тұрғындарға дер кезінде жетпей жатады. Сондықтан қала тұрғындары мен бизнес алдын ала құлақтандырылып, кері байланыс реттелуі тиіс. Тек бірге, алматылықтардың қолдауы арқасында ғана біз қаламызды көркейте аламыз», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Дәл осы күні мегаполис басшысы Төле би көшесі бойындағы жарты миллионға жуық тұрғынды ыстық су және жылумен қамтамасыз ететін сонау 1985 жылы іске қосылған жылу магистралін модернизациялау барысын тексерді. Биыл жөндеу жұмыстары құбырдың жарылу қаупі жоғары Розыбакиевтен Мұканов көшесіне дейінгі және Фуркаттан Отар көшесіне дейінгі бөліктерде жүреді. Қала басшысы барлық құрылыс жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды.
Айта кетерлігі, соңғы 3 жылда 737 км сумен қамту және 603 км су тарту желілері жөнделді. Биыл 6 аудандағы тағы 130 км су құбырының, 111 км кәріз жүйесінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Қолға алынған шаралар нәтижесінде тозу деңгейі 5%, апаттылық 8%, шығын 5,3% азайды.
Жалпы, 2015 жылы қалалықтардың талқылауынан соң қабылданған «Алматы-2020» даму бағдарламасы аясында мегаполисте тарихи орталықтың 60%, 600-ге жуық көше мен 1400-ден астам ескі аула жөнделді. Көше шамдарының үштен бірі жарықдиодты және қуат үнемдеуіш түрлеріне ауыстырылды, 300 км арық және 2000 км инженерлік желілер ауыстырылды. Қаланың барлық жер асты өткелдері жаңартылды.
Биыл қаланың барлық көпқабатты үйлерінің 50%-ін қамтитын тағы 600 ауланы жөндеу басталды. 140-тан астам көшеде орташа жөндеу жүргізіліп, қаланың 14 ықшамауданындағы 456 көшеде жаңа жолдар салынуда. Қаланың шет аймақтарындағы бірқатар саябақ, сквер және жаяу жүргінші аймақтары абаттандырылады. Қауіпсіз қала кеңістігін құру үшін 120-дан астам көшеге жаңа LED-шамдары орнатылады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі