Алматыда «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының бастамасымен «Бақытты отбасы – Алматы» қоғамдық қоры құрылды. Қордың жұмысы және аз қамтылған көпбалалы отбасыларға көрсетілетін көмек түрлері жөнінде партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров айтып берді.
Қор кімдерге көмек көрсетеді?
-Алматыда тұрақты тіркеуі және атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар (тұрмысы төмен) көп балалы аз қамтылған отбасыларға.
Қандай көмек түрлері көрсетіледі?
-Қор мынадай көмек түрлерін көрсетеді:
- Асыраушысынан айрылғанда 1 жылға дейін біржолғы төлем;
- Күрделі ауруға шалдыққан жағдайда міндетті медициналық қызмет тізіміне кірмейтін медициналық қызметтер ақысын төлеуге біржолғы төлем;
- Жеке меншіктегі апатты тұрғын үйдің жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар мен қызметтер ақысын төлеуге біржолғы төлем;
- Жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін жарақат алған жағдайда, оңалту кезеңіндегі ай сайынғы төлем;
- Азық-түлік сертификаттарын беру;
- Балалардың киімі мен аяқ киімін алуға сертификаттар беру;
- Мүгедек балалар мен ата-аналардың тұрғын үйін бейімдеуге көмек көрсету;
Көмек алу үшін қандай құжаттар қажет?
-Жоғарыда аталған көмек түрлерінің кез-келгенін алу үшін мына құжаттарды ұсыну қажет:
- жазбаша өтініш;
- әрбір алушының дербес деректерін жинау және өңдеу үшін келісім;
- ата-аналардың жеке куәліктері мен балалардың туу туралы куәліктері;
- атаулы көмектің берілуі жөнінде аудандық әлеуметтік әл-ауқат бөлімінің анықтамасы.
*Көмектің жекелеген түрлері бойынша кестеде көрсетілген қосымша құжаттар талап етіледі.
Құжаттар қайда тапсырылады?
- Сіз «Nur Otan» партиясының Алматы қаласындағы кез-келген филиалына жүгіне аласыз.
Аталған көмек қаншалықты жиі көрсетіледі, қор көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға қашанға дейін көмектеседі?
- Біз көмектің бір түрін бір рет көрсетеміз. Қор ашық және тұрақты негізде жұмыс жасайды. Жоспар бойынша аталған шарттар бойынша біз жылдың соңына дейін құжаттар қабылдаймыз.
Егер отбасының тұрақты тіркеуі жоқ болса немесе уақытша тіркеуде тұрса ше?
- Мұндай жағдайда «Nur Otan» партиясының әр аудандағы Қоғамдық қабылдауында орналасқан «бірыңғай әлеуметтік терезеге» жүгінген жөн. Байланыс мәліметтерін партияның Nurotan.kz. спайтынан табуға болады.
Өз кезегінде «Бақытты отбасы – Алматы» қоғамдық қорының директоры Гульнас Ахметова азаматтар мен ұйымдар тарапынан жиналған қаржыдан атаулы көмекті беру үшін Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы аудандық әкімдіктермен бірге кешенді скрининг ұйымдастырып, әр отбасын аралап шығатынын айтты. Осының негізінде көмекке мұқтаждардың базасы жасалады.
«Күні кеше ғана біз құны 11 млн 400 мың теңге болатын азық-түлік қоржынының 400 сертификатын және құны 10 млн 800 мың теңге болатын балалар киімдерінің 200 сертификатын сатып алдық. Барлық шығындарды депутаттардан, қоғам белсенділерінен, блогерлерден және тұрмысы төмен көп балалы отбасылар өкілдерінен құралған бақылау кеңесі қатаң қадағалайтын болады. Қордың қамқоршылар кеңесі әр жарты жыл сайын қайырымдылық бойынша іске асқан жобалар туралы жария есеп береді және ол қордың ресми сайтында, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады», - деп атап өтті Гульнас Ахметова.
Айта кетерлігі, бұған дейін Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланың тұрмысы төмен көп балалы отбасыларына кешенді қолдау көрсетудің нақтылы мерзімі мен шараларын жария еткен еді, олар - жеңілдетілген ипотека, оқушылар мен студенттердің стипендиялары, тұрмысы төмен көп балалы отбасылардың екінші баласынан бастап тегін балабақша, жұмысқа орналастыру, Аналар орталығын ашу және басқалары.
Жалпы, халықтың әлеуметтік осал тобына, оның ішінде тұрмысы төмен көп балалы отбасыларға кешенді қолдау көрсету үшін биыл Алматыда қосымша 5,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі