Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаев тұрғындарды карантиндік шараларды сақтауға шақырды және 20-21 маусым демалыс күндері өз қызметін тоқтататын аудандағы нысандарды жария етті.
Еске салсақ, 2020 жылдың 18 маусымында ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия Қазақстанда, оның ішінде Алматы қаласы бойынша коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін демалыс күндері (20-21 маусым) қосымша шектеу шараларын қабылдаған болатын.
«Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша қалалық Комиссия қабылдаған шешімге байланысты Алмалы ауданында алдағы демалыс күндері барлық сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда орталықтарының, сауда үйлерінің, базарлардың, супермаркеттердің, фитнес орталықтар мен стадиондардың қызметі тоқтатылады. Саябақтар, скверлер, бульварлар, жағалаулар және басқа да қоғамдық орындар қолжетімсіз болады. Қоғамдық көлік те өз жұмысын тоқтатады», - деп мәлімдеді Бекқали Торғаев.
Алмалы ауданының аумағында 4 СОО (Глобус, ЦУМ, Silk Way City, Mega Park), 7 сауда орталықтары (Саламат, Атриум, Жібек Жолы, Сити-орталық, Тоймарт), 18 сауда үйлері (Асыл, Балалар әлемі, Тұмар, Меломан, Fashion Avenue, Қайсар Плаза және т.б), 6 базар (Барыс, Жұлдыз, Тастақ, Береке, Тұлпар, Кәрім), 23 супермаркет (Magnum, SMALL, Тоймарт және т.б), 4 стадион (Динамо, Медик, Темір Дос), 43 спорт кешені (World Class, Классис, Спарта, Беркут), 9 бассейн (ЦСКА, Қаратал және т.б) орналасқан. Сонымен қатар ауданда 22 скверлер (Қарағайлы, Мақатаев, Әлия және Мәншүк, ҚБТУ, Солтүстік және т.б), 1 саябақ (Ганди), 5 бульвар, 1 аллея және 15 жасыл аймақ орналасқан.
20-21 маусым аралығында жоғарыда аталған барлық нысандар қолжетімсіз болады. Қызметі тоқтатылған барлық объектілерде санитарлық-профилактикалық және санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіледі. Алмалы ауданының полиция қызметкерлері халық көп жиналатын жерлерде енгізілген шектеулерді сақтау бойынша патрульдеуді күшейтеді.
Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаев тұрғындардың карантиндік шараларды сақтау қажеттілігі туралы тағы да еске салып, қалалықтардан қосымша шектеу іс-шараларына түсіністікпен қарауды сұрады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі