Уақыт өзгеруіне байланысты 2024 жылғы 29 ақпан мен 1 наурыз аралығында портал жұмысында қысқа мерзімді үзілістер болуы мүмкін.

Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз.

Алматылық оқушылар халықаралық байқауда жеңіске жетті

Абай Бағжан мен Жөкен Дияр, Мұқаш Ермұхан мен Әубәкір Іңкәр жеңімпаз атанды

Алматы құрама командасы Ө. Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша XII халықаралық ғылыми жобалар байқауында 4 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды.

Байқауға Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 150-ден астам оқушы қатысқан.

Жарыс Алматыда 1-3 наурыз аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультетінің базасында өтті.

Байқауға қатысушылар математика, қолданбалы математика, механика және экономикадағы математикалық әдістер сынды бірнеше секция бойынша ғылыми жоба қорғады. Сайыс барысында оқушылар жобасын таныстырып, ерекшелігін айтты.

«Мектеп оқушыларының жеңісіне әрдайым қуанамыз. Бүгін олар тағы да жүлделі орынға ие болды. Оларды құттықтаймыз! Білім алуға деген ынта ешқашан сөнбесін. Халықаралық байқау жыл сайын ғылыми-зерттеуге қызығушылық танытқан дарынды оқушыларды анықтау үшін өткізіледі. Осылайша, нақты ғылымды зерттеуге ынталандырамыз», – деді Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

№159 гимназияның оқушылары Абай Бағжан мен Жөкен Дияр, сонымен қатар, № 178 мамандандырылған лицейдің оқушылары Мұқаш Ермұхан мен Әубәкір Іңкәр жеңімпаз атанды.

Ал № 178 мамандандырылған лицейдің 2 оқушысы – Жалғасбек Адал және Аяжан Маратова күміс жүлдегер атанды.

Үшінші орынды №159 гимназияның оқушылары Ерасыл Есенгелдин, Нұралы Оралбеков, Жанбота Дәуленхан және №39 мамандандырылған лицейдің оқушысы Олжас Майсыұлы иеленді. №83 гимназияның оқушысы Аяулым Шаяхмет қатысқаны үшін грамота алды.

Айта кетейік, былтыр 70-ке жуық алматылық оқушы халықаралық байқауларға қатысып, 43 оқушы жүлделі орындар алған.

 

Дереккөз: Almaty.tv.

 

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.