Алматыда Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың қатысуымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы проблемалық мәселелерді талқылау бойынша қоғамдық қабылдау өтті.
Ашық әңгіме Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚР Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде өткізілді. Сол кезде Президент коммуналдық қызметтердің тарифімен жан-жақты танысуды және оны заңсыз көтерген монополистерді жазалауды тапсырған болатын.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Алматы қаласындағы ірі табиғи монополия субъектілерінің есебін тыңдады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
«Бүгінгі әңгіме бізге бұл мәселеге өте жауапкершілікпен, жан-жақты қарауға, осыны ескере отырып, мәселені шешу жолдарын анықтауға жәрдемдесті. Біз барлық монополистердің тарифті түсіруіне қол жеткіздік. Дегенмен, жүйелі сипаттағы жәйттер де бар, сондықтан олар тарифті жылма-жыл көтермей, тиімді жұмыс істеуді жалғастыруы үшін, бұған керісінше, бұл тарифтерді не бекітуге тырыса отырып, не жаңа технологиялар мен тәсілдерді ескере отырып, төмендетуге тиіспіз. Мұндай әңгіме керек, оған қол жеткізілгені дұрыс болды», - деді министр.
Министрдің айтуынша, монополистер өз проблемаларын жасырмай айтып берді. Мәселен, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ газының өзіндік құны оның жүйелік оператордан сатып алатын газ бағасы арқылы қалыптасады. Жылу бағасы 35-60%-ке еліміздің солтүстігінен жеткізілетін көмір бағасы мен тасымалдау құнына тәуелді. «Онда да жете түсінуді қажет ететін белгілі бір мәселелер бар», - деді ол.
Министр қазіргі уақытта елімізде табиғи монополия субъектілерін тексеру басталғандығын еске салды. «Бұл жұмыс барлық бағыт бойынша жүргізілуде. Тарифтер төмендеуі тиіс, көпшілігі бойынша уақытша өтемақылық тариф енгізіледі. Құқықбұзушылық анықталған жағдайда, тиісті әкімшілік шаралар қолданылатын болады», - деді ол.
Бұдан басқа, орталық мемлекеттік орган деңгейінде бірқатар нормативтік-заңнамалық сипаттағы шаралар қабылданып жатыр.
«Әңгіме «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасын қабылдау жөніндегі жұмыстар туралы болып отыр. Ол қазірде Парламент Мәжілісінде жатыр. Бірқатар қосымшалар жасалды, бірқатарын толықтыруды ұсынып отырмыз. Бұлар қоғамдық кеңес құру, инвестициялық бағдарламаларды орындау бойынша сыртқы техникалық аудит институтын енгізу, сондай-ақ біздегі қоғамдық бірлестіктерді қаржыландыруға қатысты», - деді министр