Алматыда көлік реформасы аясында жылжымалы құрамды жаңарту және жаңа бағыттар ашу жалғасуда. Жұмыс сапары кезінде мегаполис әкімі Бауыржан Байбек №65 бағытты жаңарту үшін жеке тасымалдаушы сатып алған жаңа автобустарды көрді.
«Авто Алма Транс» ЖШС төмен еденді сыйымдылығы жоғары 20 автобус сатып алған, олар кондиционерлермен жабдықталған және Евро-5 экологиялық сыныбына сай келеді. Бағыттың барлық жүргізушілері бірыңғай жаңа форма киген.
2017 жылы босаған №65 бағыттағы автобустар Думан мен Қарағайлы ықшамаудандары арасында қатынайтын №4 бағытты жаңартуға жіберіледі.
Мегаполис әкімі автобус жүргізушілерінен қанша жалақы алатыны және еңбек жағдайлары туралы сұрады. Аталған автопарк жүргізушілері орташа есеппен 160 мыңнан 200 мың теңгеге дейін жалақы алады екен, әрі барлығы өзге өңірлерден келгендер.
«Қалада қоғамдық көлікті субсидиялау үшін айтарлықтай қаражат бөлініп жатыр, автобус паркі жаңаруда, бірақ көп нәрсе жүргізушілерге, жүру мәнеріне байланысты. Адам тасымалдау үлкен жауапкершілік. Мұнда көпшілігі Шымкенттен келген. Қол қусырып отырған жоқсыздар, жұмыстан қашпайсыздар, бұл мақтауға лайық, біз тек қолдаймыз», - деді Бауыржан Байбек.
Айта кетерлігі, Алматыда жүзеге асырылып жатқан көлік реформасы аясында 2018 жылы қала бағыттарына 500 жаңа автобус шығарылды. Биыл қаланың автобус паркін жаңарту жалғасады. Бұдан өзге «Алматыэлектротранс» ЖШС қаржысы есебінен газбен жүретін тағы 200 жаңа автобус сатып алынады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі!