Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы Алматының тарихи орталығын жақсарту аясында Байсейітова жаяу жүргіншілер көшесін, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық Опера және балет театры мен Қазақстан-Британ техникалық университеті саябақтарын (сквер) безендіру бойынша эскиз-жобаны әзірлеу үшін «Шығармашылық аймақ» конкурсы өтетінін хабарлайды.
Күләш Байсейітова атындағы көше қала орталығында жайлы орналасқанына қарамастан тұтастығы мен ашықтығынан айырылған транзиттік аймақ ретінде пайдаланылады. Осыған байланысты қайталанбас шығармашылық атмосфера қалыптастыратын аймақ ретінде К. Байсейітова көшесін, сондай-ақ оған іргелес аймақтардың әлеуетін ашатын тұжырымдаманы әзірлеу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ тұжырымдамаға «Неделька» субұрқағын қайта жаңарту жөніндегі эскиздік шешім енгізіледі.
Онлайн өтінім басқарманың ресми сайтында https://almaty.uaig.kz/kvartal «Тарихи орталықтағы шығармашылық аймақ» бөлімінде беріледі. Өтінім қысқаша сипаттамасы бар жобадан және төменде көрсетілген құжаттардан тұруы тиіс.
- аумақты талдау;
- аумақты функционалдық аймақтарға бөлу сызбасы;
- аумақты 3D визуалдау;
- безендіру элементтері;
- әлеуметтік мәдени бағдарлама.
Конкурс қатысушыларына өтініштері бойынша дроннан топотүсірілімдер мен жергілікті жердің фотосуреттері жіберіледі. Конкурстық жұмыстар 2019 жылғы 14 желтоқсанға дейін қабылданады. Сайтта дауыс беру 2019 жылғы 15 желтоқсаннан 25 желтоқсанға дейін өтеді. Қазылар алқасы іріктелген жұмыстарды бағалауы 2019 жылғы 25 желтоқсаннан 27 желтоқсанға дейін жүргізіледі. Жеңімпаз 2019 жылғы 30 желтоқсанда анықталады. Жаз маусымына қарай Байсейітова көшесі мен оған жақын орналасқан скверлер өзгеше көркем келбетке енуі үшін аумақты абаттандыруды келесі жылдың көктемінде бастау жоспарланған.
Еске салсақ, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 2019 жылғы 2 қарашада «Шығармашылық аймақ» байқауын өткізуді тапсырған еді. Байқаудың мақсаты – К. Байсейітова көшесін музыкалық кештер, түрлі тақырыптық көрмелер, көше қойылымдары мен көріністер өтетін, қала тұрғындары жиі келетін мәдени орынға айналдыру.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі