Алматы полициясы отандық компания - «KazCyberSystems» ЖШС-мен бірлесіп, немқұрайлы қарамайтын азаматтарға есірткі бизнесі саласындағы фактілер мен қылмыстық әрекеттер туралы хабарламаларды жіберуге мүмкіндік беретін жүйе әзірледі.
Жүйе фото және видео форматтағы, қажет болған жағдайда мәтіндік хабарламаларды жіберуге мүмкіндік береді. Бұл жүйе әзірге Алматыда жұмыс істейді, болашақта ел аумағына таралады.
«Әзірленген бағдарлама жөнелтушіге есірткі заттары жасырылған жерлер, оларды пайдалану, өткізу, тасымалдау мүмкіндігі туралы, есірткі қылмысына қатысты күдіктілердің қылмыстық ниеті мен тұрғылықты мекенжайы туралы хабарлауға мүмкіндік береді. Бұл ақпаратты азаматтар жасырын, яғни өзінің жеке сауалнамалық деректерін көрсетпей бере алады. Сонымен қатар аталған қосымша ақпаратты тек жіберуге мүмкіндік беретінін және оны пайдаланушылардың өзара хат жазысу платформасы болып табылмайтынын атап өткен жөн» - деді Алматы қаласы Полиция департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысы полиция подполковнигі Талғат Беркенбаев.
Stoptraffic бағдарламасы қазір PlayMarket-те Android ОЖ жұмыс істейтін құрылғылар үшін қол жетімді. Алдағы уақытта IPhone құрылғыларына арналған қосымшаны әзірлеу жоспарлануда.
Ақпарат көзі:Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі