Аумақтық қорғаныс іс-шараларын қамтамасыз ету аясында Алматы әкімдігі Іле оқу орталығының полигонында қаланың аумақтық қорғаныс бригадасы қордағы офицерлердің басын қосқан «Қорғау-2023» тактикалық-арнайы оқу-жаттығуын өткізіп жатыр.
Оқу-жаттығуға алғаш рет Алматы қаласы аумақтық қорғаныс бригадасы басқармасы штабының 50 офицері, батальон командирлері мен батальон штаб бастықтары шақырылды. Ерекше кезең басталған немесе техногендік апат туындаған кезде офицерлер әртүрлі деңгейдегі командирлер деңгейінде қаланың стратегиялық маңызды нысандарының қорғанысы мен күзетін қадағалап, эвакуациялық жұмыстарды ұйымдастырады, құқықтық тәртіп күштерімен, ТЖМ және т.б. өзара іс-қимыл жасай алады.
Оқу-жаттығу кезіндегі басты міндеттің бірі штабтар мен басқару органдарын жауынгерлік үйлестіру болып табылады. Теориялық сабақтармен бірге аумақтық қорғаныс, тактикалық, барлау, арнайы, техникалық және инженерлік дайындықтан тәжірибе жинақтайды. Шақырылған офицерлермен тактикалық-арнайы оқу-жаттығу барысында аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне берілген нысандарды күзету және қорғау үшін қажетті оқу-жауынгерлік міндеттер пысықталады. Қалада ұрыс қимылдарын жүргізудің жаңа тактикалық әдістері зерттеліп жатыр.
Бұған қоса, әскери міндеттілер жауынгерлік қызметте алған әскери есепке алу мамандығының міндетін, қару-жарақ пен техникамен жұмыс істеу дағдысын қайталап, жаңғыртуда. Оқу орталығының полигонында запастағы офицерлермен бірге тренажерлармен штаттық атыс қаруын, сонымен қатар, жауынгерлік атысты қолдануға практикалық оқыту жүргізілді. Әрі нұсқаушылар жарақат алған жағдайда медициналық көмек көрсету ережесін нақты көрсетті.
Дереккөз: Almaty.tv.