Уақыт өзгеруіне байланысты 2024 жылғы 29 ақпан мен 1 наурыз аралығында портал жұмысында қысқа мерзімді үзілістер болуы мүмкін.

Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз.

Алматыда Байсейітова, Жібек жолы көшелері мен Достық даңғылы жаңартылады

Алматыда сәуір айында Байсейітова, Жібек жолы көшелері мен Достық даңғылын жаңарту бойынша құрылыс жұмыстары басталады.

Қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту және жайлы қалалық орта қалыптастыру шеңберінде жаңартылған көшелерде экологиялық тротуар плиткалары, қуат үнемдегіш шамдар, көше жиһазы, спорт және балалар алаңдары, заманауи шағын сәулет пішіндері пайда болады.

Ғимараттардың барлық кіре берістері бірыңғай стильге келтіріледі. Көгалдандыру және қазірде бар ағаштарды сақтай отырып жаңаларын отырғызу, сондай-ақ суарудың автоматты жүйесін тарту және ескі арық науаларын ауыстыру жоспарланған.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланы абаттандыру бойынша жұмыс кеңесі барысында Жайлы қалалық орта мен Қала құрылысын бақылау басқармаларына барлық құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуын барынша қатаң бақылауға алуды, сонымен қатар өткен жылдары жаңартылған көшелердегі ақауларды мердігер ұйымдар есебінен жоюды тапсырды.

Жібек жолы (Желтоқсан - Сейфуллин), Байсейітова (Қабанбай батыр - Төле би) көшелері мен Достық (Қазыбек би - Құрманғазы) даңғылы бойындағы учаскелерде жаяу жүргіншілердің кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін биыл жөндеу жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіледі. Алдымен көшенің бір жағы, содан кейін екіншісі жөнделеді. Арнайы қоршаулар мен жүргінші баспалдақтары, айналып өту белгілері мен мердігер ұйымдардың барлық байланыс мәліметтері жазылған нысанның паспорты орнатылады.

Айта кетерлігі, жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкімдерімен өткізген кеңес барысында халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық сипаттағы жүйелі мәселелерді шешу қажеттігіне айрықша назар аударған болатын.

2015 жылы қала тұрғындарымен талқылаудан кейін қабылданған «Алматы-2020» даму бағдарламасы аясында мегаполисте тарихи орталықтың 60%-і, 600-ге жуық көше, 1400-ден астам ескі аула жөнделді. Көшедегі шамдардың үштен бірі жарықдиодты және қуат үнемдегіш түрлеріне ауыстырылды, 300 км арық, 2000 км инженерлік желі ауыстырылды. Қаланың барлық жер асты өткелдері жаңарды.

Биыл тағы 680-нен астам ауланы жөңдеу жоспарланған, яғни қаланың барлық көпқабатты үйлерінің 50%-і қамтылады. Сәуір айының ортасынан бастап 120-дан астам көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар қаланың 12 ықшамауданында 440-тан астам жаңа жол салынады. Алматы әкімдігінің бастамасымен қолға алынған «Jasyl meken» шарасы барысында тек биылғы көктемнің өзінде қаланың барлық аудандарында жергілікті питомниктерде өсірілген 12 мыңнан астам ағашты отырғызу жоспарланған.

Бұдан өзге, қала шетінде орналасқан саябақ, скверлер мен жаяу жүргінші аймақтары абаттандырылады. Қауіпсіз қала кеңістігін қалыптастыру мақсатында қаланың 120-дан астам көшесіне қосымша жаңа LED-шамдары орнатылады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.