ҚР «Алматы қаласының ерекше мәртебесі» Заңы аясында қала әкімдігі Жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу мен пайдаланудың жаңа ережесін әзірлеуде.
Аталған ереже қаланың бағдаршам жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Биыл 93 бағдаршам зияткерлік көлік жүйесімен жабдықталады. Бұл құзырет қала тұрғындарының, мамандардың пікірін және халықаралық тәжірибені ескере отырып әкімдіктің бастамасымен қолға алынды. Жүргізілген зерттеу бағдаршамдарды жолдағы жағдайға қарай бейімдеу қажеттігін көрсетті.
«Осы жылы бірінші кезеңде зияткерлік жүйемен 93 бағдаршамды жабдықтауды жоспарлаудамыз, қалғандары 2022 жылдың соңына дейін жабдықталады», - деді Алматы қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Қанат Байқоңыров.
«Ақылды» бағдаршамдар жолдағы қозғалысты өзі реттейді, қондырғы жүргізушілер үшін қолайлы уақытты (20 немесе 30 секунд) болжай алады.
Бұдан өзге, Қ. Байқоңыров бағдаршамдардың зияткерлік жүйесі жолақтағы, бағыттағы көлік санын автоматты түрде санап, көлік жылдамдығын анықтайтынын айтты.
«Бағдаршам көлік ағынын тіркеп, сыртқы әсерсіз жол қозғалысын реттейтін болады. Осылайша, бағдаршамдар жолдағы жағдайға бейімделеді», - деді Алматы қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Қанат Байқоңыров.
Нәтижесінде «ақылды» бағдаршамдар «жасыл дәліз» құрады және ең алдымен қозғалыстың үлкен ағынын азайтуды басшылыққа алып әрі қоғамдық көліктің өтуіне ықпал ете отырып, қозғалыс басымдығын береді.
Мұндай зияткерлік жүйені енгізу қаладағы жол қозғалысына қатысты проблемаларды шешуге, жолдағы кептелісті азайтуға, көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға әрі апатты жағдайларды азайтуға септігін тигізеді деп күтілуде.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі