2020 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 76 301 жаңа жұмыс орны құрылды.
Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы халықты жұмыспен қамту шаралары туралы айтты.
Д. Әлкебайұлы атап өткендей, 2020 жылы жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға ықпал ету және белсенді шараларға бағыттау бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру 3 бағытта жүргізілді.
Бірінші бағыт аясында кәсіби оқу, оның ішінде қысқа мерзімді курстар ұсынылды.
Мысалы, 2020 жылы осындай курстарда 27 мамандық бойынша 25 оқу орталығында 1 005 адам білімін жетілдірді. 932 адам оқуды аяқтады, оның ішінде 624 адам немесе 67%-і жұмысқа орналастырылды. Осы шараларға 226,9 млн теңге бөлінді.
Екінші бағыт бойынша дағдарысқа қарсы шаралар аясында 947,3 млн теңге бөлініп, жеке бизнесін ашу немесе бұрынғы кәсібін дамыту үшін 555 мың теңгеден 1 705 тегін грант берілді. Грант алған негізгі қызмет түрлері тігін ісі, тамақ дайындау, маникюр, шаштараз және т.б.
Үшінші бағыт шеңберінде қоғамдық жұмыстар бойынша жоспар 3 мыңнан 14 мыңға дейін ұлғайтылды. Жұмыспен қамтудың осы түрін 16 мың жұмыссыз адам пайдаланды, бұл шараға 5,8 млрд теңге жұмсалды. Басқа уақытша жұмыс орындарына 2,7 мың адам жіберілді, оның ішінде жастар практикасымен ЖОО мен колледждердің 1,5 мың түлегі қамтылды.
23 897 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында – 735 адам, «Еңбек» порталы арқылы – 11 403 адам. Мемлекеттік қолдау шараларынсыз 11 759 адам жұмыспен қамтылды.
Мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында 76 301 жаңа жұмыс орны құрылды (оның ішінде 35 032 тұрақты жұмыс орны): кәсіпкерлік субъектілері – 30 032, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша – 18 648, Өңірлерді дамыту бойынша – 824, «БЖК 2020» бойынша – 3 540, ЖҚЖК бойынша – 21 863, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша – 455, білім мен ғылымды дамыту бойынша – 70, ИИДМБ бойынша 869 адам жұмыспен қамтылды.
Дағдарысқа қарсы шаралар аясында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» іске асырылуда. 228 жоба бойынша 21,8 мыңға жуық жұмыс орны құрылды, Жұмыспен қамту орталығы арқылы 11 мыңға жуық жұмыссыз жұмыспен қамтылды, жұмыспен қамтылған жастардың үлесі 37% құрайды.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі