Құқықбұзушылықты бейнебақылаудың автоматты жүйесі алғашқы оң нәтижені беруде. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің «Инстаграмдағы» ресми парақшасында жазды.
Қалада жаңа жылдан бастап «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінің 400 бекеті жұмыс істей бастады. Олар алғашқы 22 күннің ішінде 4,5 мыңнан астам жол қозғалысы ережесінің бұзылғанын тіркеді. Тағы бір нәтиже осы күндер ішінде ЖКО 11,6%-ке азайды.
Жалпы, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қылмыс 38%-ке азайған. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстар одан ары жалғасады, оның ішінде жолдар мен қалалықтар көп жиналатын жерлерде бейнебақылау жүйесі кеңінен қолданылатын болады.
«Биыл «Сергектің» қосымша 360-тан астам бекетін орнатуды жоспарлаудамыз. Әр жыл сайын қоғамдық тәртіптің бұзылуын бақылайтын автоматты бейне жүйелердің үлесі артатын болады», - деп хабарлады Б. Сағынтаев.
Еске салсақ, Бақытжан Сағынтаев Алматы әкімі болған алғашқы күндерден бастап қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударуда. 2019 жылғы 5 шілдеде ол осы мәселе бойынша қалалық Полиция департаментінің басшылығымен және жұртшылықпен кеңес өткізген еді. Полицияға учаскелік инепекторлар мен патрульдердің жұмыстарын қайта қарау, патрульдеу бағыттарын аулалардан бастау жөнінде тапсырма берілген болатын. Сонымен қатар қылмыстың алдын алудың пәрменді тетігі бейнебақылаудың автоматты жүйелері болып табылады.
Өткен жылдың күзінде барлық аудандарда барынша криминогенді учаскелер анықталып, полицияның 23 мобильді бекеті орнатылды. Оларға 2 424 адам жүгінді, нәтижесінде 300 әкімшілік іс қозғалып, 956 өтініш бойынша жедел шаралар қабылданды. Өтініш жасаған 1 167 адамға заңнамалық көмек көрсетілді.
Сонымен қатар барлық аудандарда 32 күрделі учаске анықталды, мұнда жаяу жасақтардың саны ұлғайтылды. Полицияның аудандық басқармаларына 22 600-ден астам адам жеткізілді.
Биыл қала көшелері мен аулаларын жарықтандыру жұмыстары жалғасады. Бұл қалалықтардың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі