Ауа-райының нашарлауына байланысты жол қозғалысы ережелерін және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды еске салады
Алматы полициясы көктайғаққа байланысты жол қозғалысына қатысушыларды мұқият және сақ болуға шақырады.
Ауа-райының нашарлауына байланысты Алматы Полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды еске салады.
«Таңғы сағат алтыдан бері шаһардың жоғарғы бөлігінде 25-тен астам жол-көлік оқиғасы орын алды, оның 10-ында зардап шеккендер бар. Жауын-шашын, көктайғақ қаладағы көлік қозғалысының жағдайын айтарлықтай қиындатқаны анық: кептеліс құбылыстары орын алуда, көліктердің өткізу қабілеті нашарлауда. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, көбінесе бұл құбылыстар жол қозғалысына қатысушылардың төмен тәртібінен туындайды: кейбір жүргізушілер жылдамдықты төмендетпейді, апаттық жағдайлар туындатады, қауіпті маневрлер жасайды, бір-бірін сыйламайды, сондай-ақ, жаяу жүргіншілер рұқсат етілмеген жерлерде жолды кесіп өтеді. Осы факторларды біріктіретін болсақ, жалпы жол қозғалысы жағдайына кері әсер етуде», - дейді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Манап Саттаров.
Сонымен қатар, полицияда, жолдың қателікті кешірмейтінін еске салды. Жол қозғалысы ережелерін сақтау – сіздің және жақындарыңыздың өмірінің қауіпсіздігінің кепілі!
Дереккөз: Almaty.tv.