Алматы мәслихатының кезектен тыс сессиясында жергілікті бюджет нақтыланды, оған сәйкес жоспарланған 5,5 млрд теңгенің 3 млрд-ды мегаполистің тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларын қолдауға жұмсалады.
Қалалық Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Ілияс Үсеров хабарлағандай, Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша бірқатар негізсіз және қымбат жобалар оңтайландырылды, нәтижесінде үнемделген қаржы тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға кешенді қолдау көрсететін қалалық әлеуметтік «Бақытты отбасы» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталатын болды.
Биылғы жылы «Бақытты отбасы» әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасына 1,3 млрд теңге бөлінеді.
Кезекте тұрған көпбалалы және толық емес 1276 отбасының алғашқы жарнаны төлеуге мүмкіндіктері жоқ, сондықтан қала бюджетінен 1 млн теңгенің сертификаттары тапсырылады. Алғашқы жарна пәтер құнының 10%-ін құрайды, мөлшерлеме 18 жылға 2%. «Тұрғынүйқұрылыс жинақбанкімен» бірге 50/50 қағидасы бойынша несиелеуге 1 млрд теңге бөлінеді, сонымен қатар коммуналдық қызмет шығындарын жабу үшін 87,5 млн теңге немесе 5%-ке дейін жәрдемақы беріледі.
Аналардың арнайы орталығын құруға 166 млн теңге бөлінеді.
Бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейтін орталықта аналарға құқықтық, психологиялық кеңестер беріліп, реабилитациялық көмек көрсетіледі, балабақша ұйымдастырылады. Мұнда көпбалалы аналар жұмыспен қамтылады.
Оқушылар мен студенттерге шәкіртақы төлеу үшін 272,3 млн теңге бөлінеді.
Тұрмысы төмен отбасылардың оқу үздіктеріне шәкіртақы беріледі. Бұл олардың білімге деген ынтасын арттырады. Университеттер мен колледждердің студенттеріне ай сайын 10 мың теңгеден, оқушыларға 5 мың теңгеден төленеді.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында Алматыда тұрмысы төмен отбасылардың екінші баласынан бастап балабақша тегін болады, ол үшін биылғы жылы 131 млн теңге бөлінеді.
Бір реттік төлемді ұлғайтуға 221 млн теңге бөлінеді.
Қиын өмірлік жағдайға душар болған жандарға бір реттік төлем беріледі. Бұл санатқа асыраушысынан айрылғандар, өрттен, су тасқынынан және басқа да төтенше жағдайлардан зардап шеккендер жатады. Жыл ішінде мұндай төлемді 4,3 мың адам алды. Биылғы жылдан бастап төлем көлемі 2 есе, 25 мыңнан 50,5 мың теңгеге дейін ұлғайды.
Аз қамтылғандарға ыстық және суық су есептегіш қондырғыларын орнату үшін берілетін жәрдемақы көлемі 70%-ке, 5 мыңнан 8,6 мың теңгеге дейін артады.
Бұлардан өзге, мүгедек балаларды үйде оқыту үшін кеткен шығынның орнын толтыруға берілетін атаулы әлеуметтік көмек 30%-ке, 22,7 мыңнан 30,3 мың теңгеге дейін ұлғаяды.
Тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың азаматтарын еңбекпен қамтуға 1 млрд теңге бөлінеді.
Жұмыссыз аналарды оқыту және кәсіби дайындықтан өткізу ұйымдастырылып, оларға 16,7 мың теңге көлемінде шәкіртақы беріледі, жастар тәжірибесі, субсидиялы еңбекпен қамту жүзеге асады және айлық жалақысы 63 мың теңге болатын әлеуметтік жұмыстарға тартылады.
Бұрындары Алматы әкімі Бауыржан Байбек тұрғындармен жыл сайынғы есептік кездесуінде «Бақытты отбасы» қалалық кешенді бағдарламасын таныстырған еді, оған 7 бағыт бойынша 13 нақтылы шаралар енген. Олар: жеңілдетілген ипотека, қайта оқыту және еңбекпен қамту, шәкіртақы және тегін балабақша, жергілікті бюжеттен берілетін бір реттік төлем көлемін ұлғайту және басқалары.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі