Алматыда жылу маусымы 13 сәуірде аяқталды, оның ұзақтығы 198 тәулікті құрады, бұл нормативтік көрсеткіштерден асып түседі. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Айдар Беркімбаев хабарлады.
Спикердің айтуынша, 2020-2021 жылғы жылыту маусымы Алматы қаласында температуралық режимді ескере отырып, 2020 жылғы 28 қыркүйекте басталып, жалпы штаттық режимде өтті.
«Жылуға 100% қосылған қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін барлық объектілер мен әлеуметтік нысандар тұрақты жұмыс істеді. Апаттық бұзылу жағдайларына байланысты тұтынушыларды шектеу болған жоқ. Энергия көздері отынның нормативтік және авариялық қорларымен қамтамасыз етілді. Дербес қазандықтар штаттық режимде жұмыс істеді. Отын жеткізу берілген өтінімдерге сәйкес жүргізілді», - деді Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Айдар Беркімбаев.
Спикер алдағы 2021-2022 жылғы жылыту маусымына дайындық басталып кеткенін айтты. Беркімбаевтың айтуынша, тұрақты және сенімді жұмыс істеу үшін энергия көздерін, қазандықтарды, электр, жылу, су құбыры, кәріз желілерін, қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындау шаралары жыл сайын атқарылады.
Жалпы, алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қала әкімінің тұрақты бақылауында.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі