Алматыда жолдағы қауіпсіздікті арттыруға және жол-көлік оқиғалары кезінде болатын өлім-жітімді азайтуға бағытталған 2021 жылға дейінгі іс-қимыл жоспары әзірленді және бекітілді.
Қалада 2016 жылдан бастап қоғамдық көлікті кешенді реформалау жүзеге асырылып келеді. Жаяу жүргінші аймақтары көбейіп, велосипед жолдарының желісі кеңейтілді, магистральды жолдарда жылдамдық режимі төмендетілуде. Осы шаралар ЖКО кезінде болатын адам өлімін азайтуға мүмкіндік берді, алайда жолдардағы өлім-жітім статистикасы әлі де жоғары. 2018 жылы қала жолдарында 133 адам қаза тауып, 5 200 адам жарақат алды. Осыған байланысты Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Қалалық мобилділік басқармасына ең үздік халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, жолдардағы өлім-жітім мен жарақат алуды азайту бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын.
Талдау көрсеткендей, жол-көлік оқиғалары негізінен төрт және одан да көп қозғалыс жолағы бар магистральды жолдарда, жол қозғалысына қатысушылар үшін маневр жасау мүмкіндігі аз тұрғын үй орамдарында болады. Бұл ретте жаяу жүргіншілердің қатысуымен ЖКО көбінесе жұма күні, сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін тіркеледі.
Vision Zero жаһандық тұжырымдамасы бойынша, жол қозғалысында жаяу жүргіншіге басымдық беріледі. Қала адамдардың жеке көлікпен қозғалысын барынша азайтып, қоғамдық көлік түрлерін дамыту арқылы мобилділік артатындай дамуы тиіс. Зерттеуге сәйкес, қоғамдық көлік дамыған аудандардың тұрғындары автокөлік көп жүретін ортада тұратындарға қарағанда жол-көлік оқиғасына бес есе аз түседі. BRT, LRT және метро желілерін кеңейту ЖКО азайтудың негізгі құралдарының бірі.
«Vision Zero Almaty» іс-қимыл жоспары жолдардың, көшелердің, белгілердің қала тұрғындарының жүріс-тұрыс ерекшеліктеріне қарай өзгеруі мен бейімделуін білдіреді және «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз көше», «Қауіпсіз жылдамдық», «Қауіпсіз қоғамдық көлік», «Жол қозғалысын бақылаудың интеллектуалдық жүйесі», «Барлық қызметтерді үйлестіру» және т. б. қадамдардан тұрады. Бұл - жол-көлік оқиғалары көп болатын учаскелерде тексеріс жүргізу және проблемалық қиылыстарда жол қозғалысын қайта ұйымдастыру. Қылтастарды, шлюздерді, аялдама және тротуар шығыңқыларын, жасанды кедір-бұдырларды, боллардтарды және т.б. енгізу арқылы жолдарды қайта жоспарлау.
Қабылданған іс-қимыл жоспары шеңберінде жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдерін ұйымдастыру кезінде жаңа тәсілдерді енгізу, жаяу жүргіншілер өткелдерін жарықдиодты шамдармен жабдықтау, қала тұрғындары көп жиналатын жерлерде батырмалы бағдаршам өткелдерін жасау, жаяу жүргіншілер үшін жасыл түс ерте жанатын фазаны қосу арқылы бағдаршамдарды қайта баптау және т. б. есебінен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі артады.
Бұдан өзге, жылжымалы құрамның қозғалыс уақытын қысқарту және қоғамдық көлікке бөлінген жолақтарды ұлғайту арқылы қоғамдық көлікті пайдаланушылар саны артады. Автомобиль және велосипед қозғалысын бөлу үшін бөгеттер орнатылып, велосипед жолдарының желісін дамыту жалғастырылады.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалысы үшін қоғамдық көлікпен байланысты жаяу жүргіншілер маршруттарының қолжетімді желісін және қолайлы ортаны құруға ерекше назар аударылады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі