Соңғы кездері Алматы қаласындағы «Qoldaý» Кәсіпкерлік орталығының жедел байланыс желісіне қала тұрғындарынан дәрілік препараттарға қатысты келіп түсетін қоңыраулар саны айтарлықтай азайды.
Байланыс-орталығына азаматтар әсіресе 14-21 шілде аралығында жиі хабарласқан. Мәселен, 14 шілдеде жалпы саны 1010 өтініш тіркелсе, ал 21 шілдеде олардың саны 241-ді құрады. Осылайша, азаматтардың өтініш саны шамамен 5 есеге азайды. Мұның басты себебі - Алматы қаласындағы қоймалар мен дәріханалардың, сондай-ақ, жалпы нарықтың тиісті дәрі-дәрмектермен толықтай қамтамасыз етілуінде.
Бүгінгі таңда медициналық препараттарға мұқтаж азаматтардың көпшілігі өздеріне қажетті дәрі-дәрмектерге қол жеткізді. Аса жоғары сұранысқа ие дәрілердің қатарында «Ксарелто», «Клексан», «Гепарин», «Меропенем», «Дексаметазон», «Преднизалон» және басқа да препараттар бар.
Осының есебінен, дәріханаларды қажетті медициналық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге қатысты қаладағы жағдай тұрақталды, тұрғындарға қажетті барлық препараттар жеткізілді. Нарықтағы жағдай мен дәрі-дәрмектердің одан әрі жеткізілуін қадағалау жөніндегі жұмыстар одан әрі жалғасуда, - деп атап өтті Алматы қаласы әкімдігінің дәрілік препарттармен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаев.
«Біз қала тұрғындарын қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жұмыстарын оларды өндіруші және жеткізуші ірі компаниялармен тиісті келісімшарт жасасқан сәттен, яғни, 29 маусымнан бастап жүргізіп келеміз. Дәрі-дәрмектерді сатып алу мақсатында қаланың Тұрақтандыру қорынан 5 млрд теңге қаражат бөлінді. Бүгінде ірі фармацевтикалық компаниялар түрлі елдерден, атап айтсақ, Ресей мен Үндістаннан күн сайын қажетті дәрі-дәрмектер жеткізуде. Алғашқы екі ұшақ 10 шілдеде келді. Сол уақыттан бері жалпы көлемі 160-170 тоннаға тең, 7,3 млн медициналық препараттардан тұратын 7 ұшақ келді», - дейді Заңғар Сәлімбаев.
Қазіргі уақытта қаланың тиісті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуін Алматы әкімдігі қатаң бақылауда. Фармацевтикалық компаниялар күн сайын қалған дәрілік препараттар мен дәріханаларға жеткізілген дәрілердің мөлшері жайлы есеп беріп, бүкіл маңызды сұрақтар жедел түрде шешімін табуда. Осыған дейін атап өткендей, қала басшылығы ҚР Үкіметі жанындағы Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияға елге дәрі-дәрмектер бір рет жеткізілген жағдайда, оларды сертификаттау процедураларын жеңілдетуге қатысты ұсыныстар берген болатын. Бұл механизм мегаполиске үлкен көлемде дәрілік препараттарды әкелуге жол ашты. Қажетті дәрі-дәрмектердің жеткізілуімен қатар, нарықты тұрақтандыру жұмыстары да одан әрі жалғасуда. Алдағы уақытта Алматы қаласына түрлі елдерден дәрі-дәрімек әкелетін қосымша тағы 2-3 ұшақтың келуі күтілуде.
Дәріхана желілерімен қоса, осы 3 күн ішінде шамамен 600 мыңдай дәрі-дәрімектер қаланың стационарлары мен ауруханаларына жеткізілді. Жақын арада аталған мекемелер тағы да жаңа өнімдермен қамтамасыз етіледі.
Алматы қаласының әкімдігі Тұрақтандыру қорымен қатар, Резервтік қорды құру мақсатында 5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлді. Аталған қаржыға сатып алынған дәрі-дәрімектер қоймаларда сақталып, қажет жағдайда Алматыдағы ауруханаларға жеткізілмек.
Сондай-ақ, қалаға әкелінген өкпені жасанды желдету құрылғылары мен гуманитарлық көмек Алматының мемлекеттік ауруханаларына жіберілді.
Жалпы, Заңғар Сәлімбаевтың айтуынша, қала тұрғындарының дәрілік препарттармен қамтамасыз етілуі Алматы қаласы әкімдігінің үнемі жіті бақылауында. Осы мәселені шұғыл түрде шешу мақсатында олар күн сайын қаладағы фармацевтикалық препарттарды өндірушілер және оларды жеткізушілермен, сондай-ақ, дәріхана желілерімен Zoom режимінде байланыс орнатады. Қажет жағдайда фармацевтикалық нарықтың қатысушыларына көмек көрсетіліп, дәрі-дәрімектерді тиісті орындарға жеткізіп салу мақсатында көлік түрімен қамтамасыз етуге барынша атсалысуда.
«Өткен жұмадан бастап қала дәріханаларында осыған дейін орын алған дүрбелеңнің күрт төмендегені байқалады. Бұған өзім соңғы бірнеше күн ішінде Алматының ірі дәріхана желілерін аралау кезінде көз жеткіздім, - дейді Заңғар Сәлімбаев. - Аталған жайтты сол дәріханалардың басшылары да растап отыр. Демек, нарықтағы жағдай тұрақталды. Дегенмен біз қалаға түрлі дәрі-дәрмектердің, атап айтсақ, дәрілердің түпнұсқасына тең баламаларының жеткізілуін жалғастырып келеміз. Сонымен қатар, қалада жоғары сұранысқа ие дәрілік препараттардың болуын және де олардың, атап айтсақ, «Клексан», «Фраксипарин» және тағы басқа осы секілді дәрілердің жедел түрде жеткізілуін қадағалап отырмыз. Жақын күндері Түркиядан «Клексан» препаратының 40 мыңға жуық қаптамасы келеді, ал шамамен бір аптадан кейін осы препараттың тағы 150 мың данасы жеткізілмек. Бұл тек бір ғана компанияның әкелетін тауары. Жалпы жеткізілуі тиіс «Клексан» препаратының мөлшері 300 мың данадан аспақ. Бұған қоса, қалаға соңғы уақытта шамамен 80 мың дана градусниктер жеткізілді».
Естеріңізге салсақ, бүгінгі таңда Алматы қаласындағы бас санитарлық дәрігердің Қаулысына сәйкес, COVID19 індетін емдеу үшін, бір адамға тек 2-3 данадан аспайтын көлемде ғана аса қажетті дәрі-дәрмектер берілуі тиіс. Сондай-ақ, дәріханаларда да әлеуметтік ара-қашықтықтар сақталынып, ірі дәріхана желілеріне келушілердің бір-бірінен алшақ тұруын қамтамасыз ету мақсатында арнайы белгілер қойылды. Бұл дәріханалардағы ұзын-сонар кезектің далаға дейін жалғасуына себепші болды.
Сондай-ақ, қала әкімдігі күн сайын дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығы мен олардың белгіленген бағадан қымбаттамауына үздіксіз мониторинг жүргізуде.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі