Алматы қаласы Мәдениет басқармасының «Алматы әуендері» КМҚК жанындағы Алматы галереясында Абай атындағы ҚазҰПУ Өнер, мәдениет және спорт институтының құрылғанына 55 жыл толуына орай «Худ-граф: Адалдық және өнерге қызмет ету» көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Шығармашылық іс-шара Алматы галереясымен бірлесіп өткізілді.
«Худ-граф: Адалдық және өнерге қызмет ету» көрмесі отандық көркемдік білімнің заманауи альма-матерінің шығармашылық әлеуетін, тынымсыз ізденіс пен көркем эксперименттердің белестері мен нәтижелерін, қазақстандық суретшілер мен Қазақстан ұстаздарының тәжірибесі мен жетістіктерін көрсетуге арналған.
Көрмені Абай университеті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Берікжан Әлмұхамбетов құттықтау сөз сөйлеп ашты. Одан кейін Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, әлемге әйгілі суретші, кескіндемеші Алпысбай Қазығұлов, белгілі суретші Тоққожа Қожағұлов, Өнер мәдениет және спорт институтының директоры Тайыржан Искаков сөз сөйледі. Олар Өнер мәдениет және спорт институтының тарихына тоқталып, университет қабырғасында білім алған ұлағатты ұстаздар мен өнер қайраткерлері, олардың ел руханиятына қосқан үлестері туралы салмақты әңгіме қозғады, ізбасар шәкірттеріне өзекжарды тілектерін жеткізді.
Көрмеге түрлі бағытта жұмыс істейтін Өнер мәдениет және спорт институты көркемсурет бөлімінің оқытушылары мен олардың шәкірттерінің 70-тен астам шығармашылық жұмыстары: акварельмен, майлы бояумен салынған суреттер, графикалық жұмыстар, сондай-ақ қазіргі заманауи Қазақстанның белгілі суретшілері мен мүсіншілерінің шағын нысандарындағы мүсіндері ұсынылды.
Айта кетейік, көрме 2024 жылдың наурыз айының соңына дейін жалғасады.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
07 ақпан 2024