Мамандар жеке сектордағы тұрғын үйлерді аралады
Алматыда жылыту маусымы басталғалы 19 адам газдан уланып, олардың бесеуі көз жұмған. Бұл туралы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мамандары мәлімдеді.
Қауіпті жағдайлардың алдын алу мақсатында салаға жауаптылар бүгін арнайы жиын өткізді. Оған «Алматы-Газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері және аудандық төтенше жағдайлар басқармасының басшылары қатысты. Мамандардың сөзінше, тұрғындар көп жағдайда өз қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайды. Сақтық шараларын ескере бермейді.
«Газ мекемесін шақырмай, өз еріктерімен газ құралдарының орынын ауыстырады. Желдеткіштерді бітеп тастастаған, газ құралдары тұрған бөлмелерде ұйықтаған», – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы бөлімінің бас маманы Динара Жусанбекова
Басқосудан кейін әр салаға жауапты мамандар жеке сектордағы тұрғын үйлерді аралады. Газ және қазандық жабдықтарына тексеру жүргізіп, тұрғындарға қауіпсіздік ережесін айтып, түсіндірді. Мамандардың сөзінше, газ қондырғылары тұрған бөлмені дұрыс желдету аса маңызды. Мұржалар әр 3 ай сайын тазалануы керек.
«Газ жабдықтарын өз бетінше орнатуға, ауыстыруға болмайды. Мұнымен айналысатын арнайы мамандар бар. Соларды шақырту керек. Ал газ жабдықтарының дұрыс, ешқандай ақаусыз жұмыс істеуіне үй иесінің өзі жауапты. Істен шықса, жаңасына ауыстыру қажет. Тұрғындардың салғырттығынан газдан улану көрсеткіші азаймай отыр», – деді «Алматы газ» ЖШС қызметкері Игорь Борисенко.
Дереккөз: Almaty.tv.