Осы жылдың басынан бастап инженерлік желілерде 671 авария болған.
Инженерлік желілердің жоғары деңгейде тозуы Бостандық ауданындағы негізгі мәселелердің бірі болып табылады және 55%-дан асады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев аудан халқымен кездесуінде мәлімдеді.
Оның айтуынша, осы жылдың басынан бастап инженерлік желілерде 671 авария болған. Орбита, Алмагүл шағынаудандарында, Жароков – Сәтбаев – Назарбаев – Әл-Фараби, Розыбакиев – Мыңбаев – Тілендиев - Тимирязев көшелерінің бөлігінде және Ерменсай шағынауданында сумен және жылумен қамтамасыз ету бойынша авариялар едәуір жиі болып тұрады.
"Осы проблемаларды жою үшін биылғы жылдың қыркүйек айында Ерғожин, Ганди көшелеріндегі, «Орбита-4» шағынауданында ұзындығы 1,6 км жылу желілерін реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Бұл 546 көппәтерлі тұрғын үйге, 20 білім беру объектісіне және 12 денсаулық сақтау объектісіне үздіксіз жылу беруді қамтамасыз етеді", - деді қала әкімі.
Сондай-ақ Досаев осы жылдың желтоқсан айында «Алмагүл» подстанциясы үшін ұзындығы 4,8 км электрмен қамту кабельдік желісінің құрылысы аяқталатынын айтып өтті. Бүгінде шамамен 3 километрі жүргізілді. Бұл 200 мың тұтынушыға және 11 білім беру объектісіне электр энергиясын үздіксіз беруге мүмкіндік береді.
"Менің тапсырмам бойынша биылғы тамызда «Свежесть» бау-бақша серіктестігінің 1,1 км электр желісі мен трансформаторлық подстанциясы (ТП-256) «АЖК» акционерлік қоғамының балансына берілді, сондай-ақ «Комфорт Сити» тұрғын үй кешеніне инженерлік желілер тартылғаннан кейін Қожабеков көшесіндегі асфальт жабыны қалпына келтірілді", - деп толықтырды әкім.
Оның мәлімдеуінше, биылғы қыркүйек айында 83 көшеге 751 тірек орнатылып, ұзындығы 22,5 км көше жарығын жүргізу басталды. Жұмыстар 2022 жылдың желтоқсан айында аяқталады.
Сондай-ақ, 7 көшедегі (Радостовец, Айманов, Ганди, Розыбакиев, Мыңбаев, Байтұрсынов, Қозыбаев көшелері) жарық жаңартылып жатыр. Жұмыстар осы жылдың желтоқсан айында аяқталады.
Дереккөз: Almaty.tv.