Алматы қаласының коменданты және қалалық ПД басшысы Қанат Таймерденов мегаполис тұрғындары мен қонақтарына үндеу жолдады. Өз мәлімдемесінде ол төтенше жағдай кезінде жасалған құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілетінін айтты.
"Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, оның әрекет ету кезеңінде негізгі шаралар мен уақытша шектеулер қарастырылады, олар мүлтіксіз сақталуға жатады. Мен қала тұрғындары мен қонақтарын төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағат талаптарын қатаң сақтауға шақырамын. Арандатушылыққа бой алдырмау, ресми дереккөздерден алынған ақпаратты басшылыққа алу және қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарау", - деп атап өтті Қанат Таймерденов.
Алматыда өткен тәулікте 14 қылмыс жасалған. Олардың барлығы "ыстық ізімен" ашылды. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге ішкі істер органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілер жұмылдырылған. Таймерденов атап өткендей, полицияның кешенді күштері қаланың Алатау және Медеу аудандарында жұмыс жүргізді.
"Өткен тәулікте "102" пультіне 881 хабарлама келіп түсті. Комендатураның Call-centre жедел ден қоюды талап еткен азаматтардан 136 сигнал келіп түсті. Барлық хабарламалар пысықталды", - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 5 қаңтар мен 19 қаңтар аралығында сағат 23:00-ден 7:00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді.
Дереккөз: Almaty.tv