2021 жылғы 30 сәуірде Алматы қаласы мәслихатының IV сессиясында депутаттар Жеңістің 76 жылдығын мерекелеу құрметіне ҰОС ардагерлеріне 1 млн теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек төлеу және еңбек майданының қатысушылары мен бейбіт уақытта қайтыс болған ардагерлердің жұбайларына 50 мың теңгеден біржолғы төлем беру туралы ұсынысты қолдады.
Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен біржолғы төлемдер 17 мың адамға, оның ішінде ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне, оларға теңестірілген тұлғаларға, еңбек майданының қатысушылары мен басқа санаттарға беріледі.
Атап айтқанда, ҰОС 123 қатысушысы мен мүгедегі 1 млн теңгеден, 4 мыңға жуық адам 100 мың теңгеден, 12 мыңнан астам адам 50 мың теңгеден алады.
Анықтама:
- Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері 1 млн теңгеден (123 адамға 123 млн теңге);
- жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларға 100 мың теңгеден (1 709 адамға 170,9 млн теңге);
- басқа мемлекеттердiң аумағындағы жауынгерлік ұрыс қимылдарының ардагерлеріне 100 мың теңгеден (2 725 адамға 272,5 млн теңге);
- Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабарсыз кеткен) жауынгерлердiң екiншi рет некеге тұрмаған жесірлеріне 100 мың теңгеден (1 адамға 0,1 млн теңге);
- Ауғанстандағы жауынгерлік ұрыс қимылдары кезiнде жаралану, контузия алу, мертігу, ауруға шалдығу салдарынан қаза тапқан немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң ата-аналарына және қайта некеге тұрмаған жұбайларына 100 мың теңгеден (29 адамға 2,9 млн теңге);
- еңбек майданының қатысушыларына (ҰОС кезінде тылда жұмыс істеген), соның ішінде КСРО медальдарымен және ордендерімен марапатталғандар, сондай-ақ марапатталмағандарға 50 мың теңгеден (12 мың адамға 600 млн теңгеге жуық);
- ҰОС қайтыс болған мүгедегінiң немесе жеңілдіктер бойынша ҰОС мүгедектеріне теңестiрiлген адамның, қайтыс болған ҰОС қатысушысының, партизанның, астыртын жұмысшының, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен марапатталған, жалпы ауруы, еңбекте мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қайшы себептерден басқа) салдарынан мүгедек деп танылғандардың жұбайларына 50 мың теңгеден (590 адамға шамамен 29 млн теңге).
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі