2020 жылдың наурызынан қарашаға дейінгі КВИ-ге қарсы күреске қатысқан Алматының сегіз мың медициналық қызметкері жалақыларына қосымша үстеме ақы алды.
Коронавирустық инфекция пандемиясы басталғаннан бері Алматының Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты медицина ұйымдарының Covid-19-ды жұқтырған науқастарды емдеген қызметкерлеріне жалақыларына қосымша үстеме ақы төленді. Барлығы 8 мыңға жуық медициналық қызметкер үстеме ақы алды, оның жалпы сомасы 15 142 760,1 мың теңге.
Үстеме ақының мөлшері дәрігерлердің қандай аймақта жұмыс істегеніне байланысты болды. ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі «COVID-19 коронавирусына қарсы күресте эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан денсаулық сақтау қызметкерлерін қаржылай қолдаудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес төлемдерді беру үш тәуекел тобы бойынша жүзеге асырылды.
I тәуекел тобы (өте жоғары) — жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, бұлардың қатарына COVID-19 науқастарына медициналық көмек көрсетуге қатысқан жансақтау бөлімдерінің және басқа стационарлардың қызметкерлері де қосылды.
Осы тәуекел тобындағы бір қызметкерге берілетін үстеме ақы көлемі ең төменгі айлық жалақының жиырма еселенген мөлшерінен аспады. Осы топқа жалпы сомасы 6 795 746,1 мың теңге көлемінде үстем ақы төленді.
II тәуекел тобы (жоғары) — провизорлық стационарлардың, провизорлық бөлімдердің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық көмек дәрігерлері мен фельдшерлер, оның ішінде амбулаториялық жағдайда медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері.
Осы тәуекел тобындағы бір қызметкерге берілетін үстеме ақы көлемі ең төменгі айлық жалақының он еселенген мөлшерінен аспады. Аталған топқа төленген үстеме ақының жалпы сомасы 6 223 334 мың теңге.
III тәуекел тобы (орташа) — карантиндік стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық көмек бригадасының жүргізушілері, оның ішінде амбулаториялық жағдайда медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері.
Осы тәуекел тобындағы бір қызметкерге берілетін үстем ақы мөлшері ең төменгі айлық жалақының бес еселенген мөлшерінен аспады. Осы топқа жалпы сомасы 2 123 680 мың теңге көлемінде үстем ақы төленді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі