Мемлекет басшысы Қ.Ж. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес үстіміздегі жылы мұғалімдердің жалақысы 25%-ке өсті.
Жалпы төрт жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы екі есеге артады. Бірінші өсім 2020 жылғы 1 қаңтарда болды. Бұл шарамен балабақша тәрбиешілері, мектеп, колледж, қосымша білім беру жүйесінің мұғалімдері қамтылды.
2021 жылдың нақтыланған бюджеті аясында Алматы мұғалімдерінің жалақысын 25%-ке көтеру үшін республикалық бюджеттен 30,8 млрд теңге бөлінді. Мегаполистегі мемлекеттік мекемелерде – мектеп, колледж, балабақша, интернат пен мектептен тыс ұйымдарда 32 мың педагогикалық қызметкер жұмыс істейді.
Бұдан өзге, сынып жетекшілігі, дәптер тексеру, педагогикалық шеберлік, магистр дәрежесі мен тәлімгерлік үшін қосымша ақы қарастырылған. Айта кетерлігі, бұрын магистр дәрежесі және тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу болмаған, бұл бірінші рет енгізіліп отыр, ал бұрыннан бар сынып жетекшілігі, дәптер тексеру үшін қосымша ақы екі есе өсті.
Алматы әкімдігі мұғалімдердің кәсіби жетістіктерін ынталандыру үшін қаржы бөлуді қарастырған еді. Осыған орай, қала әкімі Б. Сағынтаевтың ұсынысы бойынша «Үздік педагог», «Үздік педагогикалық ұжым» байқаулары жыл сайын өткізіліп келеді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі