Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев онлайн кездесу барысында құрылыс компанияларының, бейінді қауымдастықтар және қаржы ұйымдарының өкілдерімен Алматыдағы құрылыс нарығының даму перспективаларын талқылады.
Кездесу барысында тұрғын үй құрылысының сапасы, білікті кадрларды даярлау, құрылыс материалдарын өндіру, әлеуметтік тұрғын үй құрылысының қарқыны мен инженерлік инфрақұрылымдарды жүргізу мәселелері қаралды. Сонымен қатар кеңеске қатысушылар тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасын іске асыру тетіктерін жетілдіру, бос жер учаскелерінің тапшылығы тақырыптарын талқылады.
Осы ретте Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тарихи орталықта, сондай-ақ тұрғын үй аулаларында жаппай құрылыс жүргізуге тыйым салынатынын атап өтті. Бұдан өзге үйлердің арасына кірістіріп құрылыс жүргізуге де тыйым салынатын болады. Ал ескі үйлердің орнына жаңа үйлерді бұрын болған биіктікпен салуға рұқсат беріледі.
«Мен ереже әзірлеуді тапсырдым, оған сәйкес тарихи орталықта, аулалардағы бос жатқан жерлерде құрылыс жүргізуге тыйым салынады. Басты міндет – қаланың тарихи келбетін сақтап қалу. Жоғалтып алғанызды қайта жаңғыртып, әсем Алматының ежелгі даңқы мен қайталанбас көркін қалпына келтіру керек», - деді қала әкімі Б.Сағынтаев.
Оның айтуынша, ережеде тарихи орталықтағы жер учаскелерінің иелері тұрғындардың қалауымен абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, балалар алаңын немесе қоғамдық орындарды сала алатыны көрсетіледі. Ең бастысы - қалыптасқан архитектуралық образды бұзбау. Бұлай болмаған жағдайда учаскелер құрылыс жүргізушілерден қаланың меншігіне сатып алынады.
Тарихи орталықтың шекарасы, сондай-ақ қаланың ереже қатысты болатын басқа аудандарындағы жекелеген аумақтар – ықшамаудандар, тыныш аудандардың анықталады.
Тарихи маңызы бар нысандарды анықтау қарастырылуда, олардың маңында құрылыс кез келген құрылыс жүргізу тек қоғамдық талқылаудан кейін ғана мүмкін болады.
Ережеде қала құрылысын ерекше ретке келтіру аумақтарындағы құрылыстың тығыздығы мен ғимараттардың биіктігі ескеріледі. Бұдан өзге аэрация режимін жақсарту, көгалдандыру, қалалық ортаны сақтау мен жайлылығын арттыру, қаланың тарихи келбетін сақтау үшін қасбеттерді безендіру талаптары да жазылады.
Құрылыс жүргізуге қатысты ереже қаңтарда әзірленіп, ақпанда сарапшылар қоғамдастығы мен қоғамның кеңінен талқылауына ұсынылады. Құжат наурыз айында қабылданады деп жоспарланған.
Құрылысшылар қоғамдастығына жоспарға түзету енгізіп, қарқынды дамып келе жатқан Жаңа Алматы аумағына назар аудару ұсынылды. Мысалы, Алатау ауданында тұрғын үй де, әлеуметтік нысандар да салынып жатыр.
Жалпы, Алматы әкімі Б.Сағынтаев тұрғын үймен қатар әлеуметтік нысандар - мектеп, аурухана, спорт нысандары мен кешендердің құрылысы қарқын алғанын атап өтті. Жұмыс жалғаса береді.
Бұрын хабарланғандай, 2020 жылы коммерциялық баспана бойынша 1 586 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 16879 пәтер салынды, мемлекеттік бағдарламалар аясында 289,5 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 3 902 пәтер салынды. 2021 жылы коммерциялық баспана бойынша 1 716 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 12 мың пәтер, мемлекеттік бағдарламалар бойынша 328,8 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 4470 пәтер салу жоспарланған.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі