Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үстіміздегі жылдың 17 қарашасынан бастап республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының тұрғындары үшін тестілік режимде Халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтықтан қызмет көрсету функционалын іске қосты.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының пилоттық жобасы шеңберінде enbek.kz арқылы азаматтар келесі қызметтерді ала алады:
1. Жұмыс іздеп жүрген адамдар мен жұмыссыздарға, оның ішінде:
- жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу және еңбек делдалдығын көрсету;
- жұмыссыз ретінде тіркелу;
- мемлекет субсидиялайтын бос жұмыс орындарын таңдау (жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар).
2. Жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау.
Қызметтерді пайдалану үшін enbek.kz электрондық еңбек биржасы порталында тіркелу жеткілікті.
Электрондық еңбек биржасындағы «Жеке кабинетте» алматылықтар жұмыс іздеп жүрген адам ретінде есепке тұра алады, кейін жұмыссыз адам ретінде мемлекет субсидиялайтын бос жұмыс орындарын өз бетінше таңдай алады және т.б. Жоғарыда аталған қызметтерді онлайн режимде алу үшін электрондық еңбек биржасында ЭЦҚ пайдалана отырып тіркеуден өту қажет.
Интернет немесе компьютер болмаған жағдайда, қызметтерді Халықты жұмыспен қамту орталығынан өзіне-өзі қызмет көрсету аймағын пайдалана отырып алуға болады. Бұл азаматтарға Халықты жұмыспен қамту орталығы маманының қабылдауына кезек күтпеуге және COVID-19 пандемиясы жағдайында физикалық байланысты азайтуға мүмкіндік береді.
Алматы қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында азаматтарға enbek.kz электрондық еңбек биржасы порталы арқылы қызметтерді қалай алуға болатынын түсіндіретін консультанттар бар.
Сондай-ақ қажет болған жағдайда, тек Жұмыспен қамту орталығының қызметтерін алушылар үшін консультанттар ЭЦҚ алуға көмектеседі, ол онлайн қызметтерді алу үшін қажет.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғандықовтың айтуынша, электрондық еңбек биржасындағы пилоттық жоба жұмыссыздарды тіркеу рәсімдерін жеңілдету және жұмыспен қамтуды қолдауға қатысты мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде жұмысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алуды жеңілдету үшін іске қосылды. Енді барлығын тек интернет, компьютер және ЭЦҚ арқылы ғана істеуге болады.
Қызмет толықтай автоматтандырылған. Бұл дегеніміз, егер үш жұмыс күні ішінде портал адамға лайықты жұмыс таба алмаса, онда электрондық еңбек биржасы жұмыссыз ретінде тіркеуді автоматты түрде жүзеге асырады. Осылайша, адами фактор толығымен жойылады.
«Жеке кабинетте» азаматтар өздерінің тіркелу кезеңдерін қадағалай алады. Жұмыссыз статусын алғаннан кейін азаматтар онлайн режимде электрондық еңбек биржасында жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемге өтінім беріп, мемлекет субсидиялайтын бос жұмыс орындарын – жастар практикасын, әлеуметтік жұмыс орындарын, қоғамдық жұмыстарды өз бетінше таңдай алады. Жұмыс іздеп жүрген адам, жұмыссыз ретінде тіркелу, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жіберу, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алуға қатысты қызметтерді көрсету туралы толығырақ электрондық еңбек биржасы порталында немесе Халықты жұмыспен қамту орталығында білуге болады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы