11 ай ішінде медициналық сақтандыру пакетінде КТ, МРТ және ПТР сияқты қымбат тұратын қызметтер саны 2019 жылмен салыстырғанда 3 есеге өсті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.
«МӘМС реформасы халықтың денсаулығына жұмсалатын шығындарды қысқартуға бағытталған. Толық іске асырудың бірінші жылында жүйе осы мақсатты орындады. Мысалы, МӘМС жүйесі іске қосылған сәттен бастап Азаматтарға қымбат медициналық қызметтер қолжетімді болды, бұған дейін олар өз қалтасынан төлеген», - деп атап өтті Т.Әбілдаев.
11 айда Алматы қаласы бойынша 5,5 млн консультативтік-диагностикалық қызмет көрсетіліп, 7,5 млрд теңгеден астам қаражат төленді.
Сондай-ақ, филиалда МӘМС енгізілуімен медициналық оңалтуды қаржыландыру артқанын атап өтті. Мысалы, 2019 жылы Алматы қаласы бойынша 568,5 млн.теңге сомасына 92,2 мыңнан астам оңалту іс-шаралары көрсетілді. Ал 2020 жылы сатып алу жоспары 5 есеге артып, 519,7 мың жағдайды құрады. Қаржыландыру 6,8 млрд теңгені құрады.
«Биыл оңалту бойынша жеткізушілер саны 4-тен 69-ға дейін өсті. Бұл өз кезегінде МӘМС халықтың кейбір санаттарына ғана тегін көрсетілетін немесе азаматтардың өздерінің қаражаты есебінен жүзеге асырылған көптеген медициналық қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік беретінін дәлелдейді», - деп қорытындылады спикер.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі