Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша санитарлық-эпидемиялық шаралардың сақталуын бақылау бойынша мониторингтік топтардың күшейтілген жұмысы жүргізілуде. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қаласының Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Ерден Хайруллин ауданның мониторингтік топтарының жұмысы туралы айтып берді.
Коронавирус инфекциясының одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында Алмалы ауданының аумағында әкімдік қызметкерлері, жергілікті полиция қызметі, «Атамекен» ҰКП өкілдерінен тұратын 4 мониторингтік топ құрылды.
Мониторинг топтар ағымдағы жылғы 8 қазан мен 8 қараша аралығында ауданда 675 нысанды тексерді.
Тексеру нәтижелері бойынша 189 жеке тұлға маска режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 45 нысан бойынша әкімшілік баянаттар жасалды, материалдар аудандық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды, оның ішінде 8 нысанға айыппұл салынды, қалғаны жұмыста.
Сонымен қатар , ағымдағы жылғы 6 қарашадан 7-не қараған түні 4 ауданның (Наурызбай, Алатау, Түрксіб, Алмалы) 13 мониторингтік тобы түнгі уақытта өз қызметін жүзеге асыратын 58 нысанға тексеру жүргізді.
10 нысанда бұзушылықтар анықталды, материалдар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес одан әрі жауапкершілікке тарту үшін Алмалы аудандық СЭББ-на жіберілді.
1. «Red Dragon» дәмханасы, (Гоголь к. 87);
2. «Арена» компьютерлік клубы (Гоголь к. 58);
3. «Бинго» лото клубы (Масаншы к. 61);
4. «Аура» компьютерлік клубы (Қашқар к. 69);
5. «Бинго» лото клубы (Сейфуллин к. 519);
6. «Loto Club» (Абай д. 143);
7. «Пират» дәмханасы-жұмыс режимін бұзу (Төле би к. 207а);
8. «Блэк» кафе-бары (Назарбаев д. 57);
9. «Гранд-опера» қонақ үйі (Қабанбай батыр, 136/1);
10. «Арагоста» дәмханасы (Жамбыл к. 129).
«Алматы және ауданымыздың тұрғындарына маска киіп, қоғамдық көлікте әлеуметтік қашықтықты сақтап, адамдар жаппай жиналатын орындарға бармауға кеңес берер едім. Үлкен кісілерге өз үйлеріңізден шықпаңыздар, көшеде жүруді шектеу қажет дегім келеді», — деген Е. Хайруллин тұрғындарды алдын алу шараларын сақтауға шақырды.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі