Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасының Akimat Live бағдарламасындағы тікелей эфирде айтты.
Медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында барлық стационарлар науқастардың ауру деңгейлеріне орай эшелондарға бөлінді. Бүгінгі күні эшелондау арқасында төсек-орындар қолжетімді болуда. Егер бұрын стационарлардың жүктемесі 90 пайыз болса, қазіргі кезде 48 пайызға дейін азайды.
Бірінші эшелонға ауыр науқастар, қосымша аурулары бар пациенттер, тәуекел топтағылар жатқызылады. Екінші эшелонда жататындар - ауруы орташа науқастар. Ал үшінші эшелон – бұлар резервтегі стационарлар. Қала әкімі барлық емдеу орындарындағы науқастардың тұрақты бақылауда болатындығын атап өтті.
«Біз барлық жұмыстарды, жедел көмекті қоса эшелондауды қолға алысымен төсек- орын қоры жүктемесінің төмендеуіне қолжеткіздік. Қазір біздің клиникаларда төсек- орын жүктемесі 48 пайызға дейін азайды. Барлық медмекемелердегі дәрігерлер де тұрақты режзимде жұмыс жасауда», — деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Ол өзінің сөзінде ауыр пациенттер деңгейін азайту, өлім-жітімнің алдын алу үшін Реаниматология және анестезиология орталығының жетекші мамандарының белсенді жұмыс жасап жатқанын айтты. Олар - мобильді топтар, жедел әрекет ету тобы, бұлар қаланың барлық жансақтау бөлімдеріндегі науқастарға мониторинг жүргізеді және ауыр жағдайдағы әр пациенттің ахуалын қатаң бақылауға алады.
Реаниматологтардың мобильді тобы қаланың жансақтау бөлімдерінің жабдықталуына мониторинг жүргізді, ауыр науқастарға қатысты консилиумдар өткізді. Жағдайы біршама тәуір науқастардың жатқан жерлеріне барып клиникалық- диагностикалық шараларды жүзеге асырды.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі