Бұл туралы Алматы әкімі Б. Сағынтаев Twitter-дегі өзінің парақшасында хабарлады.
Б. Сағынтаев Көк Жайлау тағдырына алаңдаушылық білдірген экологтар пікірлеріне ден қоятынын жазды. Бұл мәселеге нүкте қою үшін еліміздің Премьер-Министріне хат жолдады.
«Экологтармен жиі кездесемін. Көк Жайлаудың тағдыры туралы көп айтылады. Осы мәселеге нүкте қою үшін бүгін Премьер-Министрдің атына бұл жерлерді қала қорынан Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына қайтару туралы өтініш хат жаздым», - деп хабарлады Бақытжан Сағынтаев.
Өткен жылдың қазан айында Мемлекет басшысы Қ.-Ж. Тоқаев Алматы қаласын дамыту бойынша өткізген жұмыс кеңесі барысында Көк Жайлау шатқалында тау шаңғысы курортын салу жөніндегі жобаны іске асыруды тоқтату туралы тапсырма бергені бұрыннан белгілі.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі