Осы маусымда қалада конькимен сырғанауға арналған төрт алаң жасақталды. Олардың үшеуі Тұңғыш Президент саябағы, 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы және Наурызбай ауданы әкімдігінің алдында іске қосылды. Төртіншісі жоспар бойынша келесі аптада Түрксіб ауданындағы «MART» сауда орталығы алдындағы алаңда ашылмақ.
Бұған дейін мұз айдындарын аралаған қала әкімі Бақытжан Сағынтаев сырғанау алаңдарындағы мұз жамылғысының сапасына назар аударуды тапсырып, сервистік инфрақұрылымды ретке келтіру туралы бірнеше ескерту айтқан еді.
Төрт мұз айдынының жалпы ауданы шамамен 12 мың ш.м. Ең үлкені Тұңғыш Президент саябағында орналасқан. Оның ауданы – 3,8 мың ш.м., 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында – 3,4 мың ш.м., Наурызбай және Түрксіб аудандарында тиісінше 2,5 және 2,2 мың ш.м. құрайды.
Барлық мұз айдындарында конькиді жалға беру орындары, демалыс орындары мен қоғамдық тамақтану орындары бар. Ауа температурасы Цельсий бойынша +15 градусқа дейін көтерілсе де мұздың сапасын сақтауға мүмкіндік беретін салқындатқыш қондырғылар жұмыс істейді.
Жалға берудің жұмыс уақыты: сағат 10.30-дан 23.00-ге дейін. Таңғы 6.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейтін Тұңғыш Президент саябағындағы сырғанау алаңын айтпағанда, қалған мұз айдындары тәулік бойы сырғанауға қолжетімді болмақ.
Мұз айдындары 10 наурызға дейін жұмыс істейді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі