Алматының Жібек Жолы көшесінде Наурызбай батыр көшесінен Сейфуллин даңғылына дейін жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты 20 маусымнан бастап көлік қозғалысы тоқтатылады.
Бұған дейін, 13 маусымнан бастап Жібек жолы көшесінің Желтоқсан- Наурызбай батыр көшелері аралығы жабылған болатын. Көшенің солтүстік жағындағы жаяу жүргіншілер жолы ашық.
Қоғамдық кеңістікті жаңғырту жұмыстарының барлығы тұрғындарға ыңғайлы болу үшін кезең-кезеңмен жүргізіледі. Арнайы қоршаулар қойылып, уақытша жаяу жүргінші жолақтары жасалды.
Алматы қ. Жайлы қалалық орта басқармасы қала тұрғындары мен қонақтарынан кептеліс тудырмау үшін қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлауды сұрайды.
Еске салсақ, «Адамдарға арналған қала» тұжырымдамасы аясында Алматыда Байсейітова, Жібек Жолы көшелері және Достық даңғылында жөндеу жұмыстары басталды.
Жайлы қалалық ортаны құру мақсатында осы көшелерде қуат үнемдеуіш шамдар, көше жиһазы, спорт және балалар алаңдары, фонтан кешендері және т. б. пайда болады.
Биыл қаланың барлық көпқабатты үйлерінің 50%-ін қамтитын тағы 600 ауланы жөндеу жоспарланған. 140-тан астам көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қаланың 14 ықшамауданындағы 456 көшеде жаңа жолдар салынуда. Қаланың шет аймақтарында бірқатар саябақ, сквер мен жаяу жүргінші көшелері абаттандырылады. Қауіпсіз қалалық ортаны құру үшін 120-дан астам көшеде жаңа LED-шамдар орнатылады.
Ақпарат көзі: Алматы қ. Жайлы қалалық орта басқармасы