Зауытты Алматыдағы Индустриалды аймақ аумағында Қазақстан Республикасы үкіметінің қолдауымен «Астана Моторс» компаниясы салады.
Өзінің құттықтау сөзінде мегаполис әкімі Бауыржан Байбек бүгінгі таңда Алматының жоғары инвестициялық тартымды қала ретінде қалыптасқанын атап өтті. Тек үш ай ішінде ғана шетелдік инвестициялар 21,4%-ке артып, 111,1 млрд теңгеге жетті.
«Зауыт 700-ден астам алматылықты тұрақты жұмыспен қамтиды, бұл - біз үшін ең басты көрсеткіш. Қала тарапынан инфрақұрылымы дайын 25 га жер бөлінді. Қазіргі кезде Алатау ауданындағы Индустриалды аймақта 144 млрд теңгенің 39 жобасы жүзеге асырылуда. Жапондық, неміс және қытайлық, ресейлік капиталмен 5 зауыт ашылды. 800 жоғары білікті жұмыс орны құрылды. Биыл инвестиция көлемі шамамен 367 млрд теңге болатын тағы 4 кәсіпорын іске қосылады, оның ішінде болат құбырларын шығаратын ірі қазақстандық-қытайлық «Asia Steel Pipe» зауыты бар», - деді Бауыржан Байбек.
Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр бұл еліміздің машина жасау индустриясын дамытудағы маңызды стратегиялық қадам екенін атап өтті.
«Аталған кәсіпорынның өнімдері ішкі нарыққа, сонымен қатар өзге елдерге экспортқа шығарылатын болады», - деді Роман Скляр.
Алғашқы кезеңде зауыт қуаты 30 мың автомобиль болады, ал екінші кезеңде жылына 45 мыңға дейін артады. Осының арқасында қазақстандық нарық Hyundai маркалы сапалы әрі бағасы қолжетімді жеңіл көліктермен толығады және ТМД елдеріне экспортталады. Жоба инвестициясының жалпы көлемі 25 миллиард теңге. Жеке қаржымен қоса коммерциялық шарт бойынша қарызға ақша тартылады.
Зауытта дәнекерлеу, бояу, жинақтау, пластикалық панелдерді өндіру цехтары мен сапаны бақылау учаскесі болады. Кәсіпорын Оңтүстік Корея мен Жапонияның жаңа технологиялы қондырғыларымен жабдықталады. Зауытта Hyundai көлігінің барлық модельдері жасалады. Алғашкы кезде Accent моделінің толық циклы қолға алынады, кейін Creta моделін шығару жоспарланған.
ЕАЭО елдерімен және өнеркәсіптік кооперациялармен іскерлік байланыс орнату арқылы көлік жасау локализациясы 50%-ке жетеді. Болашақта автокомпоненттер шығаратын зауыт салу қарастырылған, бұл Қазақстандағы локализация деңгейін арттырады.
2019 жылдың соңына дейін өндірістік цехтарды салу жоспарланған, ал 2020 жылы зауыт конвейерінен алғашқы автомобиль шығады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі