Уақыт өзгеруіне байланысты 2024 жылғы 29 ақпан мен 1 наурыз аралығында портал жұмысында қысқа мерзімді үзілістер болуы мүмкін.

Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз.

Алматыда көпбалалы отбасылардан 140 адам жұмысқа орналасты

Алматыда тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету жөніндегі «Бақытты отбасы» қалалық бағдарламасы аясында қазірдің өзінде 140-тан астам адам жұмысқа тұрды.

6 баланың әкесі, III топ мүгедегі Айбек Қанапиянов өткен жылдың соңында жұмыссыз қалып, қалалық Жұмыспен қамту орталығына жүгінген. Орталық мамандары оны Sunrise Group қоғамдық ұйымына жұмысқа орналастырды.

«Біздің ұйым көзі нашар көретін мүгедектерге қолдау көрсетумен айналысады. Мен әлеуметтік қызметкер ретінде мүмкіндігі шектеулі жандарды күнде аралап шығамын, жағдайларын біліп, дәрі-дәрмектерін апарып беремін. Одан соң олардың барлық өтініштерін басшылыққа жеткіземін. Жұмысым қиын емес, бірақ жауапты. Іске өз үлесімді қосқанымды сезінемін», - деді Айбек Қанапиянов.

Өз кезегінде 5 баланың анасы, I топ мүгедегі Әсел Жахина «Ақниет үміті» мүгедектердің қоғамдық бірлестігіне мүсінші болып жұмысқа тұрды.

«Біздің цехта барлық өнім мүгедек жандардың қолымен жасалады. Шеберлер мрамормен, гипспен, балшықпен, металлмен жұмыс істейді. Барлығымыз ресми түрде жұмысқа орналасқанбыз, салық төлейміз, зейнетақы жүріп жатыр. Жұмыстың бұл түрі мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік тұрғыдан бейімделуге септігін тигізеді», - деп атап өтті ол.

Айта кетерлігі, жоғары оқу орындары мен колледж түлектері, оның ішінде тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардан шыққандар жастар практикасына қатысып, мамандығы бойынша алғашқы тәжірибелерін жинақтай алады. Мысалы, колледж түлегі Ардақ Серік United Citizenz Found қоғамдық қорына аудармашы болып орналасты.

«Аударма мен кітап баспасынан бөлек, біз тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың балаларына шет тілдерін үйретеміз. Жастар тәжірибесі бұл жұмыста қабілетімді кеңінен ашуға мүмкіндік берді», - деді Ардақ Серік.

Бұған дейін Алматыда тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға кешенді қолдау көрсету жөніндегі «Бақытты отбасы» арнайы бағдарламасы қабылданған болатын. Онда жеңілдетілген ипотека, оқушылар мен студенттерге шәкіртақы, тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар үшін екінші баласынан бастап тегін балабақша, жұмысқа орналастыру, Аналар орталығын ашу және т.б. бағыттар қарастырылған.

Алматының Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы жұмыссыз жүрген кез-келген тұрғын Жұмыспен қамту орталығына жүгіне алатынын еске салады. Ол үшін жұмыс іздеушінің жеке куәлігі мен қалада тіркеуі болуы тиіс. Мекенжай: Назарбаев даңғылы, 50. Анықтама телефон: +7 (727) 224 20 00; +7 (727) 221 66 11.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.