Уақыт өзгеруіне байланысты 2024 жылғы 29 ақпан мен 1 наурыз аралығында портал жұмысында қысқа мерзімді үзілістер болуы мүмкін.

Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз.

Алматыда тұрғындармен жұмыс істейтін бірыңғай байланыс-орталығы құрылады

Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары кезінде тұрғындармен жұмыс істейтін Қалалық бірыңғай байланыс-орталығы орналасатын нысанды аралап көрді, мұнда азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін қаланың барлық басқармаларының, аудан әкімдіктерінің, апатты және коммуналдық қызметтердің байланыстары бірыңғай нөмірге біріктіріледі.

Әкімдіктің «Open Almaty» электронды қоғамдық қабылдауында жаңа функциялар пайда болады, онлайн-қызмет алу үшін барлық қалалық сервистер біріктіріледі және аудан тұрғындары бюджет қаржысының бір бөлігін қалай жұмсауға болатындығы туралы өз ұсыныстарын айтып, дауыс бера алатын «Ашық бюджет» функциясы іске қосылады. Дәл осы функциялар арнайы мобильдік қосымшада да қарастырылады. Бұдан өзге, қаланың бейнебақылау камераларының интеграциясы және коммуналдық көліктің GPS трекингі бойынша мониторинг жүргізудің бірыңғай жүйесі жасалады.

«Мемлекет басшысы жақында әкімдермен өткізген кеңесте тұрғындармен кері байланыс арналарын кеңейтуді тапсырған еді. Біз сол міндетті орындауды жүйелі түрде қолға алдық, әлеуметтік желілердегі аккаунттар мен «Open Almaty» қоғамдық қабылдауынан өзге біз тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін Бірыңғай байланыс орталығын құрамыз. Енді қала тұрғындары түрлі нөмірлерді іздемейді, апатты қызметтерден бастап, анықтамалық сипаттағы ақпарат беруге дейінгі барлық мәселе бір нөмір арқылы шешіледі», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Айта кетерлігі, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын арттыру және қалалықтарға түрлі өмірлік жағдайлар кезінде көмек көрсету мақсатында 2017 жылы әкімдіктің «Open Almaty» қоғамдық қабылдауы ашылған еді. Оған жүгінген әрбір адам тиісті кеңес алып, әкімдіктің, қалалық басқармалардың, прокуратураның, полицияның, кірістер департаментінің және басқаларының атына өз өтінішін қалдыруына мүмкіндік бар. Порталдан қала қызметтерінің жолдарды, арықтарды, жылу желілері мен аулаларды жөндеу жөніндегі және т.б. жоспарларын көруге болады. Қазіргі кезде «Open Almaty» арқылы қала тұрғындарынан 109 мыңнан астам өтініш түскен, олардың 88%-і бірнеше күн ішінде шешімін тапты.

Бұдан өзге, Алматы әкімдігінің барлық әлеуметтік желілерде ресми аккаунтары бар. Тек Instagram парақшасына 200 мыңға жуық адам жазылған, оған күніне орташа есеппен 70 өтініш түседі. Өз кезегінде Алматы әкімі қала тұрғындарының өтініштерін аудан әкімдіктері мен қала басқармаларының қалай орындап жатқанын тұрақты назарда ұстайды және барлық аппараттық кеңестерде оларға ерекше мән береді. Өтініштердің маңыздылары ерекше бақылауға алынады. Қала бюджеті өтініштерді ескере отырып сараланады және нақтыланады. Қаржы нақтылы мәселелерді шешуге жұмсалады, нәтижесінде шағымдар саны біртіндеп азайып келеді.

Бауыржан Байбек жұмыс сапары кезінде жақында ғана салынған әрі кәсіпкерлердің тартылыс орталығына айналатын Инвестициялар үйінде болды. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасынан, «Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан, «Kazakh Invest» өкілдігінен өзге мұнда ІТ және электронды коммерция салаларындағы жетекші компаниялардың офистері орналасады.

Дәл сол күні қала әкімі әл-Фараби даңғылы бойындағы үш қабатты тұрғын үй құрылысының қарқынымен танысты. Инвесторлардың айтуы бойынша түрғындардың алғашқы кезегі орналасқан, бұл аз қабатты құрылыс болғандығына қарамастан жобаның экономикалық тиімділігін көрсетеді.

Еске салсақ, 2016 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әл-Фараби даңғылының жоғары жағына биік ғимараттарды салуға болмайтындығы туралы тапсырмасынан соң жергілікті билік мұндағы нысандардың енін 15 метрден, ал биіктігін 12 метрден асырмау жөнінде регламент қабылдаған болатын.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.