2019 жылы Алматыдағы «Сарыарқа» және «Арыстан» базарлары қайта жаңғыртылады. Олардың орнында жер асты паркингі бар, жайлы заманауи сауда орталықтары пайда болады. Бұл туралы Әуезов ауданының әкімі Әнуар Өскенбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.
Оның айтуынша, «Арыстан» базарына сәулеттік жоспарлау тапсырмасы берілді.
«Мақұлданған эскиздік жоба бар. 2019 жылдың екінші тоқсанында базарды жаңғырту жоспарлануда. Эскиздерді қаламен келісеміз, бұл барлық стандарттарға сай келетін сауда үйі болады. «Сарыарқа» базарына келер болсақ, эскиздік жобаны көрдік, 2019 жылдың үшінші тоқсанында жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр, 2020 жылдың басында аяқталуы мүмкін», - деп атап өтті аудан әкімі.
Базарларды қайта жаңғырту кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
«Арыстан» базары үш кешеннен тұрады, яғни кезең-кезеңімен бірінші, содан кейін үшінші кешен жаңғыртылады. Осыдан кейін корпус жөнделеді. «Сарыарқа» базары екі бөліктен тұрады. Алтынсарин көшесіне шығатын жағында келесі жылы жөндеу жұмыстары басталады», - деді Әнуар Өскенбаев.