Уақыт өзгеруіне байланысты 2024 жылғы 29 ақпан мен 1 наурыз аралығында портал жұмысында қысқа мерзімді үзілістер болуы мүмкін.

Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз.

Алматы әкімдігі автобустарда жолақысын қымбаттатпайды

Тасымалдаушылардың жол жүру тарифін көтеру қажеттігі туралы мәлімдемесі негізсіз. Алматы қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әділов осындай пікір білдірді.

Оның айтуынша, алдымен жолаушылар тасымалы саласын ретке келтіру қажет.

«Алматының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы уақытылы бөлінетін субсидиялардың көлемі сапалы көлік қызметін көрсету үшін жеткілікті деп есептейді, сондықтан кейбір тасымалдаушылардың тарифті көтеру қажеттігі туралы мәлімдемелері негізсіз. Алдымен ретке келтірсін, адамдар шағымданбас үшін сапаны арттырсын, сонда сұрайды. Біз үшін басты көрсеткіш - бұл қала тұрғындарының қанағаттану деңгейі. Әзірге бұл бағытта көп жұмыс жасау керек», - деді басқарма басшысының орынбасары Ерлан Әділов.

Сондай-ақ, әкімдіктегілер қоғамдық көлікті субсидиялау жол жүру бағасын халыққа қолжетімді деңгейде ұстап тұруға және халықтың әлеуметтік осал топтарына жеңілдетілген тарифтер бойынша көлік қызметін көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Қазіргі уақытта сатылған 2 миллион «Оңай!» картасының 281 278 – студенттерге, 244 246 – оқушыларға және 188 617 – зейнеткерлер мен тегін жол жүру қарастырылған пайдаланушыларға тиесілі.

«Қазақстандағы алғашқы электрондық билеттендіру жүйесі «Оңай!» қомақты табысты «көлеңкеден» шығарып, қала экономикасына тартуға мүмкіндік берді. Мысалы, қазан айында 1,9 миллиард теңгеден астам сомаға транзакциялардың рекордтық саны жасалды, ал 2016 жылдың қыркүйек айында нарық айналымы 700 миллион теңгені құраған. Бұрын бұл ақша қайда кетті? Ұзақ уақыт бойы 80 теңгелік тариф ел бойынша ең жоғары болды және басым бөлігі қолма-қол ақшамен төленді. Бұл ретте Алматыда жолаушылар легі өзге қалалардан бірнеше есе көп. Ақшаны күреп тапты. Бүгінгі күні қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 98 пайыздан асып түсті. Яғни, жаңа цифрлық шешімдер саланы «көлеңкеден» толығымен шығарып, автобус паркін жаңартуды айтарлықтай жылдамдатты. Бүгінде 1098 автобус сатып алынды. Жыл соңына дейін жаңа қоғамдық көліктің үлесін 87 пайызға жеткізу жоспарлануда. Сол тасымалдаушылар тарифтің ашықтығы арқасында банктерде несие рәсімдеп, өз автопарктерін дамытуға қаржы ала алды», - деді әкімдіктің ресми өкілі Тимур Базарбаев.

Сонымен қатар, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында тасымалдаушылармен жасалатын субсидиялау шарттары субсидиялау көлемінің қызмет сапасын бағалауға тікелей тәуелділігін қарастыратынын атап өтті.

Көлік құралының антисанитарлық жай-күйі, аялдамаларды хабарландырудың болмауы, аялдамадан тыс жерлерде тоқтау, қолма-қол төлемдерді қабылдап, билет бермеу, сондай-ақ жүргізушілердің жолаушыларға қатысты теріс қылық танытуы – аталған кемшіліктердің барлығы тасымалдаушылар үшін бағытты субсидиялау көлемінің 1-ден 3 пайызына дейінгі айыппұл санкцияларына соқтырады.

Өз кезегінде азаматтардың жеңілдігі бар санаттарын тасымалдаудан бас тарту, жолаушыларды орындаушының кінәсінен жұмыс істемейтін электрондық билеттендіру жабдығымен тасымалдау, қажетті ақпараттық-анықтамалық материалдардың болмауы және аялдама бекеттерінен өтіп кету сияқты бұзушылықтар үшін тасымалдаушы бағытты субсидиялау көлемінің 3-тен 10 пайызына дейін айырылады. Бұған қоса, орындалмаған рейстер үшін субсидия көлемін қайта есептеу қарастырылған.

Ақпарат көзі: Tengrinews.kz

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.